Соңғы жылдары жасанды интеллект ұғымы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.
Бұрын тек фильмдер мен ғылыми қиялда ғана кездесетін бұл технология қазір медицина, өндіріс, білім және күнделікті тұрмыста кеңінен қолданыла бастады. Сөйтіп, адамзат мүмкіндігін кеңейтіп, шығармашылық пен ғылымға тың серпін беріп келеді. Сондай-ақ, ол жаңа дәуірдің басталғанын байқатты. Жаңа заман талабынан қалмау үшін аймақтағы мұғалімдер де жасанды интеллектіні игере бастады. Осы мақсатта Талдықорған қаласындағы колледждердің бірінде ЖИ-ға қатысты семинар-тренинг өтті.
Шара барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға оқу үдерісінде жаңа технологияларды қолданудың әдіс-тәсілерін үйретіп, жасанды интеллектіні тиімді пайдаланудың мән-маңызын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, оны көрнекі материалдарды дайындауда және оқу жоспарларын жетілдіруде қолдануға болады.
Колледж оқытушысы Ирина Даринская семинардан ойға қонымды көп нәрсе санаға тоқылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол кейбір платформалар мен материалдарды өз тәжірибелерінде қолданатынын және бұл оқудан міндетті түрде енгізетін жаңа әдістемелер мен цифрлық платформалармен танысқандарын сөз етті.
А. Байжұмақызы





