Әлемде көшелерінің әсемдігімен, халықаралық саясатта қалыптасқан биік парасатымен, қарт тарихтың алтын парағына жазылған аса құнды мәліметтерімен ерекшеленетін қалалар баршылық. Ондай шаһарлар Париж, Рим, Пекин секілді аса танымал болмаса да әрбір мемлекеттің дамуында елеулі орын алады. Жетісу жерінің жауһары саналатын Талдықорған қаласы сондай қала. Әлдекімдер іргетасы патшалық Ресейдің тұсындағы басқыншылар салған Гавриловка ауылынан басталатынын айтқанымен оған дейінде бабаларымыз қоныс еткен елді мекенді тарих бетінен сызып тастай алмайтынымыз тағы белгілі.
Бүгінгідей Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінен қарар болсақ, күн санап көркі артып, көшелерінің жарығы молайған шаһар аймақтағы ірі экономикалық орталыққа айнала бастады. Ондағы кәсіпкерлік нысандары мен индустриялық аймақтың қарқынды жұмыс жүргізуі осы сөзімізге дәлел.
Әрине, елді мекен болған соң оның басты байлығы – азаматтары екендігі белгілі. Сондықтан облыс орталығы жұртшылығының мінез-құлқы, білім-білігі, қарым-қабілеті заман ағымына сай қалыптасуда. Соған сай мемлекеттік қызмет саласының бет-бейнесі айқындалып, халық пен билік арасындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени байланыстар нығайып келеді. Оның дәлелін еліміздің Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің Жарлықтары мен қаулы-қарарларының орындалуын ұйымдастыру мен қамтамасыз етуден, мемлекеттік қызметшілер еңбегінің тиімділігін бағалаудан, қала әкімі белгілеген өзге де міндеттерді жүзеге асыру бойынша ақпараттық-талдаудан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуден көруге болады.
Жалпы, әрбір саланың жұмысын кезең-кезеңге бөліп қарастыратыны белгілі. Сол тұрғыдан алғанда Талдықорған қаласы әкімдігіне қарасты 11 мемлекеттік мекеме халыққа 63 мемлекеттік қызмет түрін ұсынып, қажетті қолдау көрсетеді. Соған орай мемлекеттік мекемелердің қызметін үйлестіру және олардың жұмысына мониторинг жүргізу, мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне іріктеу шараларын әзірлеу мен іске асыру, әрбір саланың жұмысын қолдау, бағалау және кәсіби тұрғыдан дамытуды үйлестіру, оған сараптама жасау, мемлекеттік қызметтегі мамандардың құрамына талдау жүргізу, бірыңғай саясат қалыптастыру сынды аса жауапты міндеттер жүзеге асырылады. Биылғы 9 айдың ішінде қала әкімдігіне қарасты мекемелер көпшілікке 40 мыңнан астам мемлекеттік қызмет ұсынып, біліктілік танытты. Осынша қызметтің басым бөлігі электронды түрде жүргізілгенін айта кетуіміз керек. Бұл негізінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасының нәтижесі дер едім.
Қазіргідей технология қарқынды дамыған кезеңде мемлекеттік қызметті сандық жүйеге қосуды жеделдету заман талабынан туындағаны анық. Осыған байланысты бүгінде Талдықорған әкімдігіне қарасты мекемелер электронды нұсқада ұсынылатын қызметтің үлес салмағын арттыруды көздеп отыр. Ол үшін көрсетілетін қызметтерге арнайы талдау жүргізіліп, себеп-салдары анықталды, сервистік әкімдіктің және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының жұмысы жандануда. Соған сай қаладағы облыстық перинаталдық орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышын ашуға қажетті тетіктер қарастырылып жатыр.
Қарқынды жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі атқарғаны анықталды. Осыған орай атаулы бөлім орналасқан ғимаратта қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Ол үшін жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі және осы бөлімге қарасты мекемелер ұсынатын 27 қызметті көрсететін орталықты дайындау жұмыстары толық аяқталып, салтанатты ашылуын жоспарлап отырмыз.
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік қызметтер көрсететін бөлімдер мен ауылдық округ әкімдіктерінде мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға арналған жиындар өткізілді. Соның қорытындысы бойынша орын алған заң бұзушылықтар қаралып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейту, қызмет көрсету мерзімін және тәртібін сақтау сынды бұлжымас қағидаларға сәйкес бөлім басшыларына бірқатар тапсырма берілді. Шындығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қала басшылығының қатаң бақылауында екенін атап өткім келеді. Өйткені, облыс орталығындағы әрбір кемшілікті, кеткен қателікті дабырайта көрсетіп, мәселенің байыбына бармастан әлеуметтік желіге жариялайтын жандар бар. Расында айтылған мәселенің ақиқаты басқа болуы мүмкін. Біз көбіне осы жағын ескере бермейміз.
Жалпы, әрбір сала жұмысының жандануы, ерекше қарқынмен жүруі маманның білімі мен білігіне тікелей байланысты. Әйтпесе, қазіргідей сенсорлы телефонның дәуірі жүріп тұрған тұста бағдарламалар мен қосымшаларды меңгермеген маман қараң қалады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілерді оқытуды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны деуге болады. Қаламызда ашылған жоғары оқу орнының өңірлік филиалы жетісулық жас мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің көшбасшылық қасиеті қысқамерзімді практикалық бағдарлама кезінде қалыптасатынын байқап жүрміз. Биыл ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында Талдықорғаннан мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстарына 12, біліктілігін арттыру семинарларына 44 қызметкер жоспар бойынша қатыстырылып, білімін арттырды. Одан бөлек, ӘРПК бойынша 118 қызметкерді оқыту жоспарланған болатын. Бірақ, 1 қызметкердің жұмыстан шығуына байланысты 117 қызметкер толығымен оқыды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту жұмысын тездетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты биыл қысқарту бойынша тиісті жоба әзірлеу және келісу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда бұл жұмыс мемлекеттік аппараттың қызметіне кері әсерін тигізбеуі тиіс деп білеміз. Заңға сәйкес жүргізілетін қысқартуға түсетін мамандарға басқа жұмыс ұсынылады және жұмыстан шығу жәрдемақысы беріледі. Қазір «Талдықорған қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мен қалалық мекемелерде қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер саны 143 адамды құрайды. Олардың бәрі де іскерлік этикет және ресми мінез-құлық қағидаларын жетік меңгерген. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстарға тоқтала кетсек, қаладағы тәртіптік комиссияның жұмысын назарға алуға тиістіміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «өте жоғары этика және кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі» екендігін атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқына баса назар аударылатыны белгілі. Сол арқылы мемлекеттік қызметшінің кескін-келбетін жоғары кәсібилік пен адамгершілік қасиеттері асқақтата түседі. Заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті әрбір лауазымды тұлға мінез-құлық нормаларын, әріптестермен өзара қарым-қатынасын үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Осыған орай Талдықорған қалалық әкімдігінде тәртіптік комиссия отырысын өткізіп тұрады. Одан бөлек, қалалық әкімдікке жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан түскен 3803 жазбаша өтініштің 2674-і жеке тұлғалардан, 1129 заңды тұлғалардан келген. Осынша өтінішті қарау кезінде түрлі құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалар анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы назарға алынады. Ол үшін «109» нөмірлі бірыңғай байланыс телефоны тәулік бойы жұмыс істейді.
Мемлекеттің дамуы, экономиканың өркендеуі, әлеуметтік сала жұмысының жандануы әрбір маман мен тұрғынға тікелей байланысты. Қоғамның жақсылығын дамытып, кемшілігін түзету заман талабынан туындап отырған міндет. Соған орай замандастарымды осыған аянбай үлес қосуға шақырамын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Асхат ТӘКЕБАЕВ,
Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы – Әдеп жөніндегі уәкілі





