Облыс әкімі Амандық Баталов «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешевпен кездесті. Онда аталған компанияның қызметі таныстырылып, өңірлік директорлар кеңесінің жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас жүйесі сөз болды.
Алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы таныстырылып, инвестиция тарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында баяндалды. Осыған байланысты Амандық Ғаббасұлы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы базасында, өңірге қарасты аудан, қалаларда құрылған индустриялды аймақтар мен өнеркәсіп алаңдарында инвестициялық жобаларды орналастыру мүмкіндіктері жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Облыс белсенді түрде дамып келе жатқан аймақтың бірі. Табиғи-климаттық жағдайы да ерекше. Инвестициялық жағынан да тартымды. Инвесторларды тарту бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп, оларға жағдайлар жасалуда. Инвестиция есебінен бюджет көлемі де артып келеді. Инвесторлар бірнеше өндірістік орындар салып жатыр. Өткен жылы «Нұрлы Жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы мемлекеттік және жеке инвестиция есебінен жиырма бес мың жұмыс орны ашылды, – деді облыс әкімі.
– Жетісу өңіріне қызығушылық танытып отырғандар көп. Инвесторлардың басым бөлігі Алматы облысында жұмыс істегісі келеді. Оларды бұл жердің кәсіпкерлік климаты мен инфрақұрылымдардың дайындығы қызықтырады. Өйткені кәсіпкерлер жұмыс бастамас бұрын алдымен бәрін зерттеп, білген соң ғана іске кіріседі. Сол үшін сіздердің индустриялды аймаққа сұраныс танытады, – деді Біржан Бисекенұлы.
Айта кетейік, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен елге шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі оператор ретінде құрылған. Компанияның басты міндеттерінің бірі – Өңірлік инвестиция картасын қалыптастыру, әрбір аймақтың ерекшеліктерін есепке ала отырып, инвесторлармен жеке жұмыс жүргізу болып табылады. Ендігі кезекте Талдықорған қаласында жергілікті жерлердегі инвесторлармен жұмыс істеу үшін аталған компанияның өкілдігі ашылатын болады.
Қазіргі кезде аймақта инвестиция көлемі 530,9 млрд. теңгені құрайтын, он мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін алпыс үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұлардың қатарында әлемге танымал «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС, «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС, «Nemish Pharma» ЖШС, «Бауман» ЖШС, «Farm Frites» ЖШС сияқты ірі трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын тоғыз жоба бар.
Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы облыстың «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдеріне барынша көмек көрсететінін айта отырып, инвестиция тарту бағытында бірлесе жұмыс істеп, оңды нәтижелерге қол жеткізетіндіктеріне сенім білдірді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





