Жетісу өңірі қызыл аймаққа еніп, індетке ілінгендер санынан көш бастап тұрса, аудандар арасында талғарлықтар да алаңдаулы. Оған індеттің таралуы жағынан алдыңғы орынға шығуы дәлел. Осыған орай, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Бексұлтан Оспановтан атқарылар шаралар жайын білген едік.
– Адамзаттың есін алған коронавирус басталғалы жылдан асқанымен жағдай әлі де жақсарар емес. Осы уақыт аралығында ауданда КВИ жұқтырғандар саны қаншаға жетті?
– Былтырдан бері індет жұқтырған 1582 адамның 921-інде симптомдары бар болса, 661 адам симптомдары жоқ тасымалдаушылар болды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 189 жағдай тіркелді. Барлық анықталған симптомдары бар науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына және госпитальдерге орналастырылды. 2020 жылдан бастап Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне 139 адам жатқызылды. Оның ішінде 127 науқас жазылып шықса, өкінішке қарай, 12 адам қайтыс болды. Осы жылдың басынан бері 31 науқас жатқызылып, олардың 25-і жазылып шықты. Ал, 6 науқас індеттен қайтыс болды. Былтырдан бастап осы уақыт аралығында ауданда 46372 адам ПТР әдісімен тексерілді, оның ішінде сәуірдің 4-і күні 332 адам осы әдіспен тексерістен өтті. Үй карантиніне 757 адам оқшауланды, медициналық қызметкерлермен бақылау жүргізілуде. Қазір стационарлық төсектердің барлығы толды. Ендігі науқастарды жатқызу үшін қосымша емдеу орындарын даярлау жұмыстарын бастап кеттік.
– Стационарда қанша адам ем алуда? Орын толған жағдайда жаңадан түскен науқастарды қайда орналастыру жоспарлануда?
– Бүгінгі таңда провизорлық стационарларда 277 адам оқшауланып, ем қабылдауда. Оның ішінде Панфилов ауылындағы ауруханада орналасқан провизорлық стационарда 84 адам, Талғар аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінде 193 науқас емделуде. Тіпті, онда травматология, терапия, нейроинсульттік бөлімшелер толығымен инфекциялық бөлімшеге айналды. Қазір Талғар ауданы бақылауда тұр. Соңғы тәуліктің өзінде ғана 48 науқас тіркеліп, олардың 38-інен коронавирус инфекциясы анықталса, 10-ы симптомсыз белгісі бар болып шықты. Ковид жұқтырғандар санының күн санап көбеюіне байланысты 6 сәуірден бастап Алматы қаласындағы Орманов көшесінде орналасқан «Кәусар» қалпына келу орталығында 80 төсекке арналған 2-дәрежелі инфекциялық госпиталь ашу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жерде дайындық шаралары жүз пайызға дайын. Себебі, былтыр провизорлық бөлімше жұмыс істеген. Оған қоса, Талғар қаласындағы «Алмалы» спорт кешенінен де стационарлық ем қабылдау орнын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Егер осы қарқын бәсеңсімесе, онда Талғар медициналық колледжінің жатақханасына емхананы көшіріп, оның орнына ковидпен ауырғандар жататын орын әзірлеу жоспарда бар.
– Ем-дом шараларында қолданылатын дәрі-дәрмек пен қорғаныш заттары жеткілікті ме?
– Дәрілер мен қорғаныш құралдары жеткілікті мөлшерде. Атап айтсақ, оттегімен қамтамасыз етілген палаталар саны 52-ге жетті. Қосымша 123 оттегі нүктелерімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде: ем-шара кабинетінде – 6, палаталарда – 40, қабылдау бөлімшесінде – 2, ота жасау блогында – 4 нүкте бар. Сонымен қатар, 16 палата оттегімен қамтамасыз етілді. Оттегі баллондарын ауыстыру, қосу жұмыстарына арнайы 1 адам белгіленген.
– Жалпы, коронавирус індетіне тосқауыл болу мақсатында карантиндік шектеулер жасалғанымен халықтың арасында шектен шығып, санитарлық талаптарды сақтамау жиі көрініс тауып жатқаны байқалады. Жасырын той жасау, ас беру сынды халық көп жиналатын басқосуларға тосқауыл бар ма өзі?
– Ойыңыз орынды. Халықтың денсаулығын сақтап, жаман індеттен аман қалу жолында еліміздің бас санитарының қаулысына сәйкес бірталай шаралар жасалуда. Осы мақсатта ауданда 12 мониторингтік топ құрылып, індеттің алдын алу шаралары бойынша 6633 нысанда түсіндіру-ақпараттық, тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында былтырды айтпағанда, биыл жыл басынан бері 77 талап бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 8 619 735 теңгені құрайтын айыппұл салынды.
Сараптама нәтижелерінен аңғарғанымыздай, инфекцияның көбеюінің басты себебі – халықтың той-жиынға барып, адамдар көп шоғырланатын орталарда жүруі. Сонымен қатар, Талғар ауданының Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес болуы да өзіндік әсерін тигізуде. Бетперде тақпау, санитарлық нормаларды сақтамаудың салдары аурудың асқынуына әкеп соғуда. Инфекция жұқтырған ауруларды анықтап, асқынуларға жол бермеуде 21 мобильді топ тұрақты жұмыс жасап келеді. Рентген, КТ кабинеттері жұмыс істеуде.
– Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина ектіру екендігін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Вакцина салдыруға халықтың ықыласы қандай?
– Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен covid-19 жұқпасына қарсы вакцина алынды, адамдар егілуде. Оның ішінде өзім де алдым. Олардың дені – халықпен тығыз байланыста болатын медицина мамандары мен педагогтар. Қазір 2-компонентке де вакцина келді. Аудан бойынша 2 егу пункті ашылды. Оның бірі – орталық ауруханада болса, екіншісі – Гүлдалада. Қосымша тағы төртеуін ашу жоспарда тұр. Ол Бесағаш, Тұздыбастау, Нұра, Қайнар ауылдық округтерін қамтитын болады. Бұған қосымша термоконтейнерлер алынатын болады. Тағы 10 мың доза алынады. Сол екпеден соң ұжымдық иммунитет қалыптасып, коронавирус індеті азаяды. Соның нәтижесінде карантиндік шектеулер біртіндеп жеңілдетілетін болады.
– Жоғарыда айтып өткеніңіздей, қосымша орындар ашылып жатқан жағдайда медициналық мамандар жеткілікті ме?
– Оның барлығы қарастырылып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасына сәйкес кадр бөлімдері арқылы жан-жақты жұмыстар жүргізіп, бос мамандарды тартуда. «Кәусар» оңалту орталығында кадр тапшылығы жоқ. Оның өзі Талғар ауданына үлкен көмек саналады.
– Залалсыздандыру жұмыстарына да тоқтала кетсеңіз.
– Аудандық ұлттық сараптама орталығындағы дезинфекциялау бөлімшесі анықталған эпидемиологиялық ошақтарды залалсыздандыру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, халық көп шоғырланатын орындарды залалсыздандыруды әкімшілік пен мекеме мамандары жүргізуде. Ол жұмыстарды дұрыс атқаруда бірнеше мәрте семинар-тренингтер өтті. Қазіргі локдаунға байланысты әр сенбі-жексенбі сайын санитарлық жұмыстар жасалады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





