Талдықорғанда кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер департаменті мен салық мамандарына сұрақ қойып, кеңес алды. Жиынға салық тақырыбында ақпарат алғысы келген кәсіпкерлер қатысып, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдеріне сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, жиынның ұйымдастырушысы және басты спикері Екатерина Ким өзекті мәселелерге қатысты кеңес берді. Аудиториясы 1,6 миллион адамдық Nalogialmaty Instagram парақшасында салыққа қатысты өзекті мәселелерді көтеретін сарапшыға қойылатын сұрақ аз болмады.
Іскерлік кездесуде маңызды мәселелер талқыланды. Соның ішінде жалпыға бірдей декларациялау: 250 және 270 декларацияларды беру тәртібі мен әдістері, мобильді аударымдар: салық салу және бақылау, бизнестің «бөлшектенуі» жайлы айтылды. Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер жан-жақты ақпарат алды.

Жиында өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Асхат Әбілмәжінов жалпыға бірдей декларациялау мәселелеріне жан-жақты тоқталып, бұл шара бизнестің ашықтығын арттыруға және салық ауыртпалығын әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Биыл жыл басынан бері Жетісу өңірінде 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларанттардың жалпы саны 194 403 адамды құраса, оның ішінде 125 164 адам декларация тапсырған. Қалған азаматтар 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, Е-salyk Azamat және Kaspi.kz және басқа да мобильді қосымшалар арқылы ұсына алады. Сондай-ақ, қағаз нұсқада пошта арқылы немесе салық органдарына барып ұсынуына болады.
Кездесуде мобильді аударымдар туралы да бірнеше сұрақ қойылды. Оған МКД камералдық мониторинг бөлімінің басшысы Ринат Жамаубаев жауап беріп, бақылау тәртібін түсіндірді.
Салық жөніндегі сарапшы, іскерлік кездесудің басты спикері Екатерина Кимнің айтуынша, жалпыға ортақ декларация бүкіл әлемде бар.
«Сондықтан, әрине, біз де жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне ену кәсіпкер үшін де, мемлекеттік қызметкер үшін де жұмсақ болғанын қалаймыз. Естеріңізде болса, бізде мораторий жарияланып, көптеген кәсіпкер салықтық әкімгершіліктен, айыппұлдардан, тағы сол сияқты шаралардан босатылған болатын. Алайда қазіргі таңда айыппұл санкцияларын сала бастады. Бұл ретте кәсіпкерлерге ең басты кеңес – қорықпаңыз. Бастысы, салық заңдылықтарын сақтау», – деді сарапшы.
Екатерина Ким, сондай-ақ, кездесуге қатысушылардың назарын бизнестің бөлшектену қаупіне аударды. Ол салық жүктемесін жасанды түрде азайтуғабағытталған бұл схеманың қателіктерге әкелетінін, оның ішінде салық органдарының қосымша тексерулерін де түсіндірді.
Сондай-ақ, ол тұтынушылармен кез келген төлем жасау кезінде БKM түбіртектерін беру қажеттігін атап өтті. Бұл бизнестің ашықтығын қамтамасыз етуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Екатерина Ким кәсіпкерлер және мемлекеттік органдармен іскерлік кездесулерді Kaspi.kz қолдауымен Қазақ- станның барлық өңірінде өткізеді. Ал 27 маусымда Астанада 3 мыңнан астам кәсіпкер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен жаңа Салық кодексін талқылайтын елдегі ең ірі салық форумы өтеді деп жоспарланған.
Айғаным АЙТМҰХАН





