Үй-күйі жоқ, көше жағалап, кез-келген жерге түнеп жүрген жандарды көрсең жаның ауырады-ақ. «Қалайша мұндай күйге түсті екен? Оған себеп болған қандай жағдай?» деген ауыр сұрақ көкейіңді тілгілейді. Бір уақыт ол адамның орнына өзіңді қойып көресің. Бірақ, мұндай ғұмыр кешу сен үшін жат нәрсе екенін түсінесің. Жаның ашып, басын сүйеп, демеп қамқорлық көрсеткің келеді. Оның да мүмкін еместігіне көз жеткізесің. Дегенмен, мемлекет тарапынан мұндай жандарға қолдау көрсететін орталықтар бар. Соның бірі – Талдықорған қаласындағы өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы.
Жалпы орталық 150 адамға арналған. Қазір 90 адам уақытша паналауда. Одан бөлек 15 орынды түнгі уақытта келу орны бар. Онда адамдар бір түнеп шығады. Демек, кешкі сағат 6-дан таңғы 9-ға дейін осы орталыққа жата алады. Тұрақты үйі, баратын жері жоқ адамдар өз өтініштері бойынша бұл жерде қалауынша тұрады. Ол кісілерге уақытша жататын орын беріледі, киім, тамақпен қамтамасыз етіледі. Мұндағы медицина қызметкерлері мен тазалықшылар жуындырып, қырындырып, дәрігерлік тексеруден өткізеді. Қажетті дәрі-дәрмектерін береді. Тілінген, көгерген, ісінген жерлері бар адамдарға дәрі жағып, жарақатын таңады. Дәрілерін уақытылы ішуін медбикелер қадағалап отырады.
Бұдан басқа да заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкерлер өз салалары бойынша қызмет көрсетеді. Бұл орталыққа келген адамдардың көп жағдайда құжаттары жоқ болып жатады. Заңгер төлқұжаттарын іздеу, қайта жасату жұмыстарымен айналысады. Кейбір адамдардың төлқұжаты сонау кеңес өкіметінен бері ауыстырылмаған, сол адамдарға ЖСН алып, қажетті құжаттарын жасатады. Қазіргі таңда мұнда жатқан 90 адамның 44-інің құжаттары жасалуда.
Бұл орталықта үлкен кісілер көп. Ер азаматтар да, әйел адамдар да бар. Қарттар кейде тұра алмай, жүре алмай қалады. Осындағы қызметкерлер оларға көмектесіп, қолтығынан демеп, барынша қамқор болуға тырысады. Сондықтан да болар, осыннан пана тауып, отбасындай көріп қайта оралып келіп жатады. Әсіресе, қыс мезгілінде бұл жерде тұрақты түрде паналайтындар бар. Бірнеше жыл бойы осында тұрып жатқандар да кездеседі. Адамдар әртүрлі жағдаймен, тағдырмен түседі. Дені – ішімдікке салынғандар. Отбасы бас тартқан, бас бостандығынан айрылып, түрмеде болып келген адамдар, басқа мемлекеттен көшіп келіп, құжатсыз қалған азаматтар да бар.
Бұл кісілер өте сезімтал. Олармен жұмыс істегенде жан дүниесін түсіну керек. Жан-жақты қолдау көрсету қажет. Осы ретте психологқа үлкен жүк артылады. Ішімдікке салынған адамдармен жеке жұмыс жүргізіп, соның нәтижесін де көріп жатады. Оларды өмірге қайта оралтып жұмысқа тұрғызып, мейлінше қолдау көрсетеміз. Ал, ішімдік ішетін адамды жұмысқа тұрғызу қиын. Өйткені, олар тәртіпке көнбей кетіп қалып жатады, – деді бізбен әңгімесінде орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Болат Нұрбақыт.
Орталықта жүріп түзеліп, өмірін дұрыс арнаға бағыттаған жандар да бар екен. Мәселен, құжатсыз қалған 30 жас шамасындағы жігіт осыннан көмек алып, өмірлік көзқарасын түзеткен соң жұмысқа орналасып, өз күнін өзі көріп кеткен. Оның сантехника жасауға қабілеті болған. Мұны байқаған орталық қызметкерлері оны оқытып, жұмысқа тұрғызған. Қазір сантехник болып қызмет істеуде.
Орталық көмегіне мүгедек әйел де жүгінген. Ол мылқау, сөйлей алмайды, тек ымдап ғана ұғынысады. Оны осында күйеу баласы мен қызы әкеліп қалдырып кеткен. Әркімнің өз өмірі бар дегендей, бұл кісінің ақыл-ес кемістігі бар, ІІІ топ мүгедегі болғандықтан отбасындағыларға қарау қиын болған шығар. Орталық бұл жанға да сүйеу болып, Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен «Алпамыс» қоғамдық бірлестігіне тігіншілік жұмысқа орналастырды.
Біз есіктен кірген әрбір адамның тағдырына бей-жай қарамаймыз. Қолдан келген көмегімізді жасаймыз. Отбасына оралса екен деп туыстарына іздеу саламыз. Бірақ, туыстары табылған жағдайда да ешбірі алып кеткен емес.
Көп адамдар бізге келгенде адам шошырлық жағдайда болады. Жуындырып, шайындырып, киіндіріп, емдеген соң түрлері танымастай өзгеріп шыға келеді. Үлкен кісілердің көбі кітап оқиды. Тоғызқұмалақ, дойбы ойнайды. Мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. Жарыстар ұйымдастырылып, сый-сияпат беріледі.
Алғаш түскен уақытта адамдардың өзгеруге аса құлшынысы болмайды. Екі-үш ай, тіпті бір-екі жыл өткен соң ғана өзгеріс пайда болады. Бастапқыда сол үйреншікті өмірінен бас тарта алмай қашып кетіп жүреді. Үй-күйі жоқ, ішімдікке салынған жандар қоқыс ақтарып жүріп әртүрлі заттар, тіпті алтын, ақша тауып алатын кездері болады. Тағы да тауып алам деп ойлай ма екен, кетіп қалады. Содан біраз уақыт өткенде қайта келеді. Жататын орнын, төсегін, осында берілетін ыстық тамақты сағына ма деймін.
Бұл орталықты туған үйіндей көретіндер де бар. Мәселен, Кенжебай Қошкенов деген кісінің мұнда жатқанына 5-6 жыл болды. Ішімдікке салынып кеткендіктен отбасы бас тартқан. Туған әпкесі, ағасы бар. Олар да қабылдамады. Бізде жатқан осы жылдар ішінде толықтай оңалту кезеңдерінен өтті. Ішімдіктен мүлде тыйылды, спортпен де шұғылданып жүр. Көшеге де сұранбайды.
Женя Хасанов деген кісі бар. Ауыр қылмыс жасап, түрмеге жатып шыққан. Оның да осында тұрақтағанына алты-жеті жылдың жүзі болды. Құжаттарын жасап, көмектестік. Қазір тәртібі жақсы, ішімдік ішпейді, бұрынырақта барып-келіп жұмыс істеп жүретін. Қазір зейнеттік жасқа келді. Осы жерді паналап жатыр.
Юрий деген жігітіміз бар. Осында келіп, кейде қашып кетіп жүретін. Бірде оны «Дәулет» базары жанынан кездестіріп, жүдеп-жадаған түрін көріп ертіп келдім. «Енді кетсең мүлде әкелмейміз, далада қаласың» – дедім. Сыртта түнеп, аштықты көрген адам болғандықтан панасыз қалам деп қорыққан болу керек. Содан бері бірнеше ай өтті, қашқан жоқ, – деді осында әлеуметтік психолог болып қызмет атқаратын Зейнегүл Малаева.
Орталықтағы адамдармен де тілдесудің сәті түсті. 61 жастағы Рысдәулет Қошанов:
- Бұл орталықта жатқаныма бес жыл болды. Көзім көрмей қалған еді. Мұндағы дәрігерлер ота жасатып, көзімді ашты. Қарнымыз тоқ, төрт уақыт тамақ ішеміз. Монша бар. Одан артық адамға не қажет? Әйеліммен айырылысқаныма отыз жылдан асып кетті.
- Ажырасуыңызға не себеп болды?
- Өмір ғой. Ішіп кеттім. Ол кезде жас болдым. Ертеңімді ойламадым. Қазір қартайдым. Екі қызым бар. Олармен араласпаймын. Кішкентай кездерінде қалды ғой. Енді не деп іздеп барамын?..
Арарат Пальман: Сарқандағы балалар үйінде тәрбиеленгенмін. Құжаттарымнан айырылып қалдым. Барар жерім болмай осында келдім. Өткен жылы төлқұжатымды жасатып берді. Бұл орталықты паналап жатқаныма бір жарым жыл болды. Үй-күйім болмаған соң отбасын құрмадым. Бұл жер көңілімізден шығады. Әйтпесе дала кезіп, көшеде түнеп жүрдім. Ол өмірмен бұл жердегі күнімізді салыстыруға мүлде келмейді. Мұнда барлық жағдай жасалған.
Шарасыздан орталықты паналап жатқан жандардың жай-күйі осындай. Олардың қазір жатар жері жылы, тамағы тоқ болғанымен ертеңгі күнге деген үміті аз. Тағдырын өз қолымен бүлдірген, отбасы бас тартқан жандардың ертеңгі баратын жері Қарттар үйі. Онда да отбасы жылуын емес, өздеріне бөтен жандардың қамқорлығын сезінеді. Мемлекеттік мекеме қанша жайылып жастық, иіліп төсек болғанымен өз үйіңдей, балаларыңдай қайдан болсын?! Ертеңгі күніміз осындай болмас үшін бүгіннен болашағымызды, қамсыз қарттығымызды ойлаған абзал.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Алматы облысы





