Достық үйінде этнос өкілдерінің арасында «Көркем ой. Көркем сөз. Көркем тіл» атты облыстық байқау өтті. Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» бірлесе ұйымдастырды. Байқау өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді білетіндерді ынталандыруға арналған.
Шараны «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев ашып, тіл байқауына қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қай мемлекетте де өмір сүріп жатқан халықты рухани және ұлттық құндылықтар біріктіреді. Сондай құндылықтың бірі – тіл.
Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі… Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз… Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деген болатын. Бүгінде қазақ тілін дамыту үшін мемлекет тарапынан жасалған бағдарламалар жоспарлы жүзеге асып келеді.
Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту, тіл саясатын жүзеге асыру, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында сайысымыз үшінші мәрте өткізіліп отыр. Ендеше, баршаңызды биылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс тойланатын Тілдер мерекесімен құттықтаймын! Мемлекетіміздің мерейі үстем, тіліміздің тұғыры биік болғай, – деді ол.
Бұдан соң байқауға қатысушылар «Туған жер образы» тақырыбында қазақ тілінде шығарма жазу, ауызша берілген сұрақтарға жауап беру, қазақ эпосын жатқа айту сынағынан өтті.
Байқауға 16-29 жас аралығындағы 13 үміткер қатысып, өз мүмкіндіктерін сынады. Әділқазылар алқасының бағалауы бойынша бірінші жүлделі орын Ақсу ауданынан қатысқан Александра Михееваға бұйырды. Екінші орынға талғарлық Гунчам Асланқызы мен Панфилов ауданынан келген Дильназ Шарипова лайық деп танылды. Үшінші орынды балқаштық Виктор Васильев, талдықорғандық Эмина Аслан-оглы мен Дильназ Ярмухамбетова тең бөлісті. Өзге қатысушылар ынталандыру сыйлығына ие болды.
Алма ЕСЕНБАЕВА





