Қазіргі таңда кәсіпкерлердің құқығын қорғап, олардың өрісін кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Елімізде кәсіп иелерінің мүддесін қорғайтын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, өңірлердегі филиалдар арқылы жұмыс істеуде. Біз «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Қаратал аудандық филиалының директоры Фархат Құсайыновқа жолығып, мекеме жұмысымен танысқан едік.
– Фархат Құсайынұлы, кәсіпкерлер палатасының атқаратын қызметі, міндеті жайлы айтсаңыз.
– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коммерциялық емес ұйым болып табылады. Ұйым отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен байланысын жандандыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын және орта, ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Біздің кәсіпкерлік палатасы арқылы адамдар кәсіпкерлік курсын оқып, ақыл-кеңестер алады.
– «Бастау-бизнес» курсы жайлы айтсаңыз. Оқу шарты қандай және кімдер оқи алады?
– Кәсіпкерлік курсының оқу мерзімі 21 күн. Биыл ауданда аталмыш жоба 3 кезең бойынша өтуде. Алғашқы оқу 26 сәуір – 16 мамыр аралығында, екінші кезең 24 мамыр – 13 маусым аралығында, ал үшіншісі 21 маусым – 11 шілде аралығында өтті. «Бастау-бизнес» кәсіпкерлік курсын бірінші кезеңде 42 адам, екіншісінде 50 адам оқыды. Қазіргі таңда елдегі пандемияға байланысты оқу курсы онлайн сабақ түрінде өтуде. Курсты аудан азаматтары atameken.co сайты немесе atameken academy платформасы арқылы оқи алады.
– Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша қанша азамат оқу курсын аяқтады?
– 2018 жылы 112 адам үш апталық курс оқып, нәтижесінде жұмыссыз азаматтар 26 грант, 34 несиеге ие болды. 2019 жылы адам саны артып, 162 адам оқыды. Курс қорытындысы бойынша жұмыссыз азаматтар бизнес жоспарларын сәтті қорғап, 90 грант, 25 несие алды. Былтыр 145 адам оқып, 63 грант, 17 несие алды. Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 адам 5,3 млн. теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 10 адам 34, 5 млн. теңге көлемінде несие алды. Сонымен бірге 25 адам 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 14,585000 теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болды. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2025» бағларламасы аясында 1 адам 2 млн. теңге көлемінде грантқа қол жеткізді.
– Кәсіпкер десек көз алдымызға іскер, тәуекелшіл, қиындыққа төтеп беретін азаматтар келеді. Ауданда қанша кәсіпкер бар?
– Иә, кәсіпкер болу оңай емес. Үнемі нарықтың бағытын бақылап, соған қарай икемделіп жұмыс істеуге тура келеді. Былтыр ауданда 2502 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның 2345-і жұмыс істеуде. Өңірде 190 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1267 жеке кәсіпкер, 1045 шаруа қожалығы, 3 ауылшаруашылығы өндірістік кешені, 1 кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Бір айта кетерлігі, 2019 жылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 45 адам оқыса, «Бизнес-кеңесші» екі күндік оқуды 26 адам оқыды. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 3 адам кепілсіз 12 500 000 теңге көлемінде грант алды. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 29 адам 118 300 000 теңге несиеге қол жеткізді. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 17 адам 54 400 000 теңге көлемінде несие алса, «Қаратал несие серіктестігі» ЖШС арқылы 12 адам 63 900 000 теңге көлемінде несие алып, өз ісін өркендетуге мүмкіндік алды.
– Оқушылар арасында кәсіпкерлік негіздерін үйрету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Біз карантин кезінде аудандағы 11 орта мектеп оқушыларымен онлайн форматта кездесу өткіздік. Кездесуге «Бастау-бизнес» жобасы аясында курс оқыған, жетістікке жеткен кәсіпкерлерді қатыстырдық. Мәселен, «Үштөбе» дүкенінің иесі Әйгерім Абдуллина кәсіпкерлікті бастағанда кездескен қиындықтар мен кедергілерді қалай жеңгені, жетістікке жету жолы жайлы әңгімеледі.
– «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Қаратал аудандық филиалының жетістіктері бар ма?
– Әрине, жұмыс болған жерде жетістік те жүретіні белгілі. «Сауда» кәсіпорындарынан «Адал ниетпен» байқауына аудандық кәсіпкерлер қатысуы үшін хат келген. Басты мақсат – темекі өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатпауды насихаттау. Кәлпе аулындағы «Берік» дүкені 1-орын алды. «Адал ниетпен» республикалық конкурсын өткізу мен мекемеде әзірлік жұмысын жүргізгені үшін мекеме қызметкері, әріптесіміз Елдар Тасболатов Грамотаға ие болды. Біздің жұмысымызға риза болып, алғыс білдіріп жатқан кәсіпкерлер бар. Мәселен, «Үштөбе» дүкенінің иесі Әйгерім Абдуллина біздің ұжымға Алғыс хат табыс етті. Әрине, жасаған жұмысымыздың нәтижесін көргенде көңіліміз өсіп қалады. Әріптестеріміз Қобыланды Әбенов пен Елдар Тасболатов «Nur Otan» партиясы Қаратал аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, ол «Біз біргеміз!» жалпыұлттық байқауына қатысқаны үшін Алғыс хат иеленді. Осындай азды-көпті жетістігіміз бар.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Асхат Өмірбаев





