Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің айтуынша, 2028 жылдан бастап Маңғыстау облысы өндіруші сектор мен өнеркәсіптен түсетін салық түсімдерінің артуына байланысты қайтадан «донор» өңірлер қатарына қосылады. Бұл туралы ол Мәжілістің жалпы отырысында 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы баяндама барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған 7-su.kz ақпараттық порталы.
Депутаттың сөзінше, Павлодар облысы да өзін-өзі қамтамасыз ететін өңір мәртебесіне ие болады. Осылайша, алдағы үш жылда елімізде төрт «донор» өңір және бір өзін-өзі қамтамасыз ететін аймақ қалыптасады.
Сонымен қатар Еркін Әбіл заң жобасын талқылау кезінде анықталған бірқатар проблемалық жайттарға назар аударды. Атап айтқанда, өңірлердегі аяқталмаған жобаларға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі, өңірлер арасындағы даму алшақтығының азаймауы және инфрақұрылым бойынша әкімдіктер тарапынан жалған дерек берілуі сынды мәселелер бар екені айтылды.
Осы проблемаларды шешу мақсатында Мәжіліс депутаттары өңірлерге бөлінетін субвенциялар көлемін 16,5 млрд теңгеге арттыру туралы шешім қабылдаған.





