Облыс орталығына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой келді. Талдықорғандағы көпсалалы аурухананың жиынжайында өткен басқосуда вице-министр өткен жылдың қорытындысы жайлы жан-жақты ақпар беріп, алда атқарылуы тиіс шараларға кеңінен тоқталды. Жиын барысында денсаулық сақтау саласының мамандары көкейде жүрген сұрақтарын қойды.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары халықтың денсаулығы біршама жақсарған. Сондай-ақ, өлім-жітім 3,1 пайызға азайған. Бала өлімі 6,2, ана өлімі 5,5 пайызға төмендеген. Қан айналым жүйесінен қайтыс болу 1,8 пайыз, қауіпті ісік 5,3 пайыз, туберкулез 11,8 пайызға түскен. Орташа жас ұзақтығы – 72,4 жас. Мемлекет басшысының отандық дәрі-дәрмек өндіру жайлы тапсырмасына орай елімізде фармацевтикалық жүйе жұмысы қолға алынған. Осыған орай өткен жылы 25 отандық тауар өндірушімен ұзақ мерзімге келіссөз орнатылған. Аталмыш кәсіпорындар 873 түрлі дәрі өндіруі тиіс. Сондай-ақ, фармацевтика өндірісі соңғы уақытта 42,1 пайызға өскен. Кейінгі кезде отандық өнім өндірушілерден дәрі-дәрмек сатып алу деңгейі артқан. Вице-министрдің айтуынша, отандық өнім өндірушілерден тауар сатып алу 17 пайызға көтерілген. Осының нәтижесінде қаржыны үнемдеу 5,5 млрд. теңгеден 18,1 млрд. теңгеге жеткен.
Ауруханаға жатып емделу тегін. Яғни, өткен жылдың қорытындысы бойынша, 2,5 млн. сырқатқа амбулаторлық негізде дәрі-дәрмек берілген. Биыл жоспар бойынша, 3,8 миллион пациентті емдеу көзделуде. Дәрі-дәрмек бағасын реттеу барысында да жұмыс жүргізілуде. Бұл орайда заң жобасы талқыланып, бағаны реттеу кезең-кезеңмен іске асырылады.
Министрлік жекеменшік секторлар арасында бәсекелестікті дамытуға көңіл бөлуде. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізген кезде бәсекелестік арта түседі. Тұрғындар сапалы қызметті алу үшін ең білікті маманға ғана баратын болады. Баяндамашының айтуынша, соңғы уақытта жекеменшіктің қызметіне жүгінушілер саны артқан. Мұндай қызмет алу 8 пайыздан 14 пайызға өскен. Былтырғы нәтиже бойынша, денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту 91,4 млрд. теңгені құраған. Соңғы жылы жекеменшік инвестицияның үлесі 90 пайызға өскен. Тағы бір жаңалық, денсаулық сақтау саласын цифрландыруға байланысты медицина ақпараттандыру жүйесіне енгізіледі.
Жоспар бойынша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сала электрондық жүйеге өтеді. Барлық мекемелерде денсаулық паспорты электронды жүйеге көшіріледі. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының көмегімен 80 000 дәрігердің бір-бірімен ақылдаса жұмыс істеуі үшін электронды байланыс жүйесі іске қосылған.
Интернетте «Патронаждық медбике», «Менің жүктілігім» қосымшалары жұмыс істейді. Мұнда екі жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған аналар ғаламтор арқылы медициналық көмек ала алады. Маманның біліктілігін арттыру үшін шетел медициналық оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатылды. Қазақ ұлттық медицина университетінде қайтадан педиатриялық факультет ашылды. Білім ордасында медицина мамандарын даярлаудың жаңа ережесі бекітілді. Оқу орындарында жалпы медицинаны оқытуда педиатрия саласы бойынша білім беру сағаты екі есе арттырылды. Бүгінгі таңда медициналық жоғары оқу орнына тәлімгерлерді қабылдау 14 пайызға артқан. Аталмыш салада оқытуға грант бөлу 27 пайызға өскен.
Алексей Владимирович биыл атқаратын жұмыстарды саралады. Негізгі шара – қоғамдық денсаулықты нығайтудың жоспарын реттеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне енуге дайындықты пысықтау, мемлекеттік және жекеменшік серіктестік негізінде жұмыс істеуді жақсарту. Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының орындалуы жайында ақпар берді. Басқосу соңынан Алексей Цой көпсалалы аурухананың ішін көрді. Одан кейін «Жедел жәрдем» қызметінің диспетчерлік бөліміне барды. Вице-министр келесі күні Талдықорғандағы психо-әлеуметтік мекеменің тіршілігімен танысты. Үлкендер мен балалар бөлімдерін көрді. Мекеме басшысы Ғания Оралбекова вице-министрге емдеудің жаңа стандартына көшсек деген ойын айтты. Ол жүйе бойынша емделушілер мекемеде 45 күн емес, 20 күн амбулаторлы емделеді. Одан кейін дәрі-дәрмегін үйінде ішеді. Бұл мәселе жайын ойластыру болашақтың еншісіне қалдырылды.
Вице-министр екі күндік сапарында атқарылып жатқан шараларды бағамдап, тиісті тапсырмаларды берді. Тоқ етері, болашақта жұмыс электронды жүйеге көшеді. Бұл қағазбастылықтан құтылуға септігін тигізіп, уақыт үнемдеуге мүмкіншілік тудырмақ.
Гүлжан ТҰРСЫН.





