Қазақстанда оқулықтардың сапасын сараптайтын педагог-эксперттерді онлайн іріктеу жүріп жатыр. Үміткерлер E-EXPERT.GOV.KZ платформасы арқылы конкурсқа қатыса алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагог-эксперттерді іріктеудің жаңа кезеңін жариялады. Барлық рәсімдер онлайн форматта өтеді, бұл еліміздің кез келген өңірінен қатысуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда орталық базасында байқаудан өтіп, оқудан өткен 400-ден астам сарапшы бар. Жаңа жүйе құжаттарды тексеруден бастап тестілеу, әңгімелесу, эссе жазу, модульдік оқыту және қорытынды сертификаттауға дейінгі барлық кезеңді автоматтандырды.
«Платформаны енгізу процессті барынша ашық әрі ыңғайлы етті. Бүгінде біз орта білім сапасына ықпал ететін кәсіби сарапшылар қауымдастығын қалыптастырып жатырмыз», – деді орталық директоры Назира Абдрахманова.





