Алматы қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Blockchain Startups Weekend 3.0 форумы өтті. Алқалы жиын стартаптар мен инвесторларға арналған платформа Crowdsale Network, C. Invest компаниясы, Қазақстан блокчейн технологиялар қауымдастығының және ВуВіt криптовалюта биржасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қалың жұртшылықты блокчейн технологиясының және криптоиндустрияның майнинг, стекинг, трейдинг, DeFi, Game-Fi, NFT сияқты негізгі бағыттарымен таныстыру, сондай-ақ, отандық әзірлеушілердің стартап жобаларымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған форум «Rixos Almaty» қонақүйінің жиынжайында өтті.
Шараға Қазақстандағы мемлекеттік органдардың өкілдері, венчурлық инвесторлар, сарапшылар мен сала жетекшілері қатысты. Олардың қатарында Crowdsale Network стартаптар мен инвесторларға арналған платформаның негізін қалаушы Ерлан Думанұлы, C. Invest бас директоры Диана Васильева, МОST Ventures басқарушы серіктесі Алим Хамитов сияқты танымал азаматтар және осы салаға қызығушылық танытқан жастар көп болды.
Жиында кәсіби кеш жүргізушілер Абай Асылхан мен Салтанат Жасын қатысушылардың әлемдік қаржы жүйесіндегі жаңа бағыттан хабары барын, қаншалықты дайын екенін анықтайтын сұрақтар қойды. Дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлық тапсырып, қызықтырғандары да көпшіліктің көңілінен шықты.
Бірінші болып Қазақстан блокчейн технологиялар қауымдастығы президиумының төрағасы, елге танымал меценат Исламбек Салжанов арнайы шақырылған қонақ ретінде сөз алды.
Ол: «Мен стартап және венчурлық капиталдың экожүйесін 10 жыл бойы дамыта отырып, осы салаларды өрістетуге бағытталған әрбір кәсіби қызметтің маңыздылығын түсінемін. Бізде бәсекеге қабілетті қызықты өнімдерді жасайтын көптеген талант бар. Сондықтан МОST Ventures компаниясының атынан осы білім беру форумын қолдауды жөн көрдім. Жастармен әңгімелесу, тәжірибе алмасу, біздің экожүйенің мүмкіндіктері туралы айту мен үшін өте маңызды. Бүгінде Қазақстан осы сала бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші орынды алады. Жаңа индустрияның бұл саласы Қазақстанда заңдастырылған. Біздің ел алғашқылардың бірі болып осы нарыққа салық төлеу жөнінде шешім шығарды. Өкінішке қарай, Blockchain криптовалюта дегенді, жаңа индустрияны көптеген адам әлі түсіне бермейді. Сол себепті шараны ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңірген Ерлан Думанға айтар алғысым шексіз», – деді.
Осыдан кейін «CEO Cryptadaptation community» компаниясының құрылтайшысы Дмитрий Искаков сөз сөйлеп, криптовалюталық индекстердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Ал, BuBit криптобиржасының сарапшысы Олег Гоффман болса, өзі айналысып жүрген бағыттағы жаңалықтар мен технологиялар туралы баяндады.
Форум барысында криптовалютаға инвестиция салу мүмкіндіктері мен тәуекелдер, сондай-ақ, криптоиндустрия қор нарығындағы институционалдық инвесторлардың рөлі талқыланды. C. Invest құрылымының DeFi-сарапшысы Мадияр Қызайбеков өз сөзінде DeFi түсінігі жайлы анықтама берсе, Game-Fi C. Invest компаниясының бөлім басшысы Дмитрий Пак Game-Fi ұғымы жайлы кең көлемде айтып берді.
Түскі үзілістен соң қайта жалғасқан форумда CoFounderShanyrad.vc компаниясының өкілі Әлібек Нарымбай «Сторителлинг, стартап кейстердің қызметі туралы, «CEO сандық құқық орталығының өкілі Ермек Рүстембекұлы стартап саласында жиі кездесетін 10 қателік жайында заңгердің көзқарасын жұртшылық назарына ұсынды.
Үшінші рет өткізіліп отырған жыл сайынғы Blockchain Startups Weekend 3.0 форумының ерекшілігі NFT жұмысының аукционы және «Startup Battle» ұйымдастырылуында десек қателеспейміз. Бұл тәжірибелік жұмысқа өз әзірлемелерімен 12 команда қатысты.
Жиында «Harmony One Founbation» компаниясынан 50 мың АҚШ доллары көлеміндегі грантты қалай алуға болатыны айтылды. Шақырылған венчурлық инвесторлардың барлық салада одан әрі дамыту және орналастыру үшін әлеуеті бар жобаларға қолдау көрсетуге мүмкіндік алғанын да айта кету керек.
Соңында Crowdsale Network стартаптар мен инвесторларға арналған платформалардың негізін қалаушы Ерлан Думанұлы сөз сөйледі. Ол: «Өз дамуында керемет экономикалық, ғылыми секіріс жасаған елдердің тәжірибесі бізге үлгі болуы керек. Әдетте бұл бүкіл халық бір идеяға беріліп, соған сенген кезде мүмкін болады. Қазақстан халқының блокчейн, криптовалюта, ІТ, электронды коммерция сияқты жаңа технологиялар саласында білім алып, әртүрлі салада болып жатқан жаһандық өзгерістерден хабардар болып қана қоймай, белсенді түрде атсалысып, игілігін көруін тілейміз» – деді.
Жаңа индустрияны насихаттауға арналған форум жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталды.
Қуат ӘБІЛ





