Қорғастағы «Нұр жолы» шекаралық кедендік өткелі – мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды жобасының маңызды бөлігі. Бұл өткел Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық байланысты нығайтып, халықаралық сауданың тиімді бағытына айналды.
Аталған жоба Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен ұштасып, Ұлы Жібек жолын заманауи үлгіде қайта жандандырды. 2017 жылы «Евротранзит – Терминал» ЖШС мен ҚР Үкіметі арасында жасалған келісім негізінде жүзеге асып, құрылысына 69,7 млрд. теңге бөлінді.
«Нұр жолы» кешенінің аумағы 25,6 гектар, ал оған іргелес көлік-логистикалық орталық 23,6 гектарды қамтиды. Бұл – Орта Азиядағы ең ірі кедендердің бірі. Мұның тәулігіне 2500 көлікке дейін өткізу мүмкіндігі бар. Олардың басым бөлігі – жүк көліктері, ал рәсімдеу уақыты бар болғаны 40 минут.
Кешен іске қосылғаннан кейін Жетісу мен Алматы облыстарының халқы үшін жаңа жұмыс орындары мен кәсіпкерлік бағыттар ашылды. Жол бойында жанармай бекеттері, қызмет көрсету нысандары мен сауда орындары салынып жатыр.
Пандемия жылдары өткел жұмысы баяулағанымен 2022 жылы қайта қарқын алды. Сол жылы 69 877 көлік құралы рәсімделіп, көрсеткіш екі есеге артқан. 2022 жылдан бастап өткел толық қуатына шығып, мемлекет қазынасына 100 млрд. теңгеден астам табыс түсті. Оның 27 млрд. теңгесі – Жетісу облысының бюджетіне. Жыл басынан бері Қытайдан Қазақстанға 127 000-нан астам көлік өткен, ал кері бағытта 44 мыңнан аса көлік жол тартқан.
2023 жылдың сәуірінен бастап кеденде электронды кезек жүйесі енгізілді. Бұл жаңашылдық көлік қозғалысын реттеп, ұзын сонар кезектерді азайтты. Көліктер автоматты тіркеліп, жүйе олардың өту ретін өзі белгілейді. Мұндай өзгерістер Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, ҰҚК Шекара қызметі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан.
«Нұр жолы» заманауи технологиямен жабдықталған, ел экономикасына зор үлес қосып отырған стратегиялық нысан. Ол – халықаралық достықтың, экономикалық ынтымақтастықтың және ел бірлігінің символы.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





