Заңгер мамандығы – ең қажетті мамандық. Аталмыш мамандық иесі әр ұйымда, фирмада, кәсіпорында, коммерциялық және қоғамдық құрылымдарда ауадай қажет. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті осы сұранысты білікті заңгерлер даярлай отырып, қамтамасыз етеді. «Құқықтану» мамандығының түлектері бүгінгі таңда сот, прокуратура, адвокатура, тергеу, нотариат, заң кеңесін беру аясында қызмет етуде.
Оқытушылар – жоғары ғылыми дәрежесі бар Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің құқығы бойынша білікті мамандар, өз істерінің майталмандары, мемлекеттік органдар мен бизнес саласында еңбек сіңірген тұлғалар. Әділеттілікке және жарқын болашаққа жол көрсету – білікті оқытушының міндеті.
Осы орайда қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық және мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мамандықтың тәрбие жұмысына қатысты оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және мәселелерді шешу бағытында қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта білікті де білімді заңгерді оқыту үшін 33 оқытушы жұмыс істеуде. Оның ішінде 4 заң ғылымдарының докторы, профессорлар; 8 заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессорлар (доцент); 8 философия докторы (PhD) бар.
2018-2019 оқу жылында 5В030100 – «құқықтану» мамандығы бойынша 600-ден астам студент және магистрант білім алды. Жыл сайын аталмыш мамандыққа түсетін білімгерлер қатары көбейіп келе жатқандықтан кафедраның материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Сондай-ақ, кафедраның профессорлық- оқытушылық құрамы бірнеше рет «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болды.
Кафедрада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Алматы облыстық сотының қаржылай қолдауымен ашылған сот отырысы залы жұмыс істейді. Сот отырысы залында Талдықорған қаласының қалалық соты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік-құқықтық бұзушылықтар бойынша сот процестерін жүргізеді.
Заңдардың мінсіз орындалуы, мемлекеттік тәртіп пен құқықтық қызмет етуі – заң саласының қызметкерлеріне байланысты. Әрбір заңгер қоғамның сұрауларына дұрыс және уақтылы жауап беруге, өзгермелі заңнамамен, кең құжаттамамен, жарияланған әдебиеттермен жұмыс істеу әдістері мен тәсілдерін меңгеруге дайын болуы тиіс. Ол адамдарға заң кеңестеріне көмектесіп қана қоймай белгілі бір жағдайлар мен қалыптасқан мән-жайлардан шығу жолдарын да білуі тиіс.
Әрқайсымыз – мемлекетіміздің азаматы ғана емес, тарих жасаушысымыз. Күн сайынғы күйбең тірлікпен айналыса отырып, біз маңызды тарихи оқиғалардың қатысушысы боламыз. Сол себепті «Әділдік бар жерде заңсыздық байқап жүреді, әділетсіздік бар жерде заңсыздық шайқап жүреді», – деген тәмсілді естен шығармайық. «Қара қылды қақ жарған» әділ де, турашыл заңгер болу – түлектердің міндеті!
Б. АЙТИМОВ,
ЖМУ қылмыстық-
құқықтық пәндер
кафедрасының
меңгерушісі,
философия докторы (PhD)
А. ЖАНГУШУКОВА,
ЖМУ қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң
ғылымдарының магистрі
Э. КУРБАНОВ,
ЖМУ «құқықтану»
мамандығының
1-курс магистранты





