Жастармен кездесуге Олимпиада жұлдыздары Ермахан Ибраимов, Ольга Шишигина, Юрий Мельниченко, Евгений Яровенко, Сергей Котенко, Мәулен Мамыров, Владимир Вохмянин, ел футболының аты аңызға айналған қақпашысы Құралбек Ордабаев және басқа да спорт саңлақтары келді. Тағылымы мол шараға облыстағы балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері, жаттықтырушылары, жалпы білім беретін мектептердің спорт үйірмелеріне қатысатын оқушылары мен ата-аналар қатысты.
Шараның ашылуында облыс әкімі Бейбіт Исабаев қонақтарға жылы тілегін білдіріп, Мемлекет басшысының бұқаралық спортқа маңыз беру туралы тапсырмасына сәйкес аталмыш шараның өткізіліп отырғанын жеткізді.
– Жетісудың жас спортшылары, сіздердің алдарыңызда Олимпиада чемпиондары отыр. Бір кездері олар да сіздер сияқты үлкен арманға ұмтылған жас бала болған. Бүгінде біздің олимпиадашылардың үлгісі сіздерге мықты мотивация болады, өмірлік өнегесі мен еңбекқорлық қасиеттері сіздердің жүректеріңізге жігер мен жалын ұялатады деп сенемін! – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Мұнан соң қонақтар кезекпен сөз алып, жас спортшыларға ақыл-кеңестері мен тілектерін білдірді. Спортшыға керекті басты қасиеттерді атап, шаршамай еңбектенуге шақырды. Сонымен қатар, жарысқа шыққанда елдің намысы, жердің намысы мойнында тұратынын, оны естен шығармаса ел абыройын асқақтататын спортшы атанатындығын айтты. Сұхбаттасу барысында ел мақтаныштары жастардың жүрек қылын қозғап, спортқа деген құлшынысына жаңа дем сыйлады. Балалар да түрлі сауалын қойып, көмейде іркілген көптеген тақырып талқыланды.
– Бүгін осы залда отырған балалардың ішінен бәлкім 5-10 жылдан кейін Әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері шығуы әбден мүмкін. Біз де үлкен жеңісті бала күнімізден армандадық. Серік Қонақбаев, Шәміл Серіковтерді теледидардан көріп, сол кісілерге еліктеп өстік. Жай армандап қою аз, ең бастысы, тер төгу керек. Бұл жолда ең үлкен қарсылас – өзің. Өзін, өзінің жалқаулығын жеңген адам міндетті түрде чемпион болады, – деді бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов.
Ал Мәскеудегі Олимпиада ойындарының чемпионы, ватерполшы Сергей Котенко:
– Бүгін сіздердің алдарыңызға спорттың қай түрінен болсын жеңістің шыңына шыққан азаматтар келіп отыр. Қай-қайсысынан да үлгі алуларыңызға болады. Жалпы жүрегің қалайтын спорттың түрімен айналысу керек, сонда нәтиже шығады. Қазір тегін секциялар көп, спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Сондықтан мықты спортшы болу, ең бірінші, өздеріңе байланысты. Жетісу – бұрыннан мықты спортшыларымен танылған өңір. Алдағы уақытта да осы өлкеден әлемді мойындататын чемпиондар шығады деп ойлаймын, – деді.
Басқосу барысында спорт жұлдыздары бокс қолғабы, футбол добы сияқты спорттық құралдарға өз қолтаңбаларын қойып, балалармен бірге естелік суретке түсті.
Айта кетейік, облыстың аудан-қалаларындағы 23 спорт мектебінде 23 мыңнан астам тәрбиеленуші спорттың 61 түрімен шұғылданады. Ал өңірде дене шынықтыру және спортпен айналысатын адамдар облыс халқының 42 %-ын құрайды. Жалпы осы жылдың басынан бері өңір спортшылары республикалық және халықаралық деңгейлі жарыстарда 1 мыңнан астам медаль жеңіп алған.
Еңлік КЕНЕБАЙ





