Жиында Ұлан Әлдибекұлы:
– Мемлекет Басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға 7 нақты міндет қойды. Біріншісі – Елімізге қомақты инвестиция тарту. Облыс құрылғаннан бері Қаратал ауданында 68,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. 2022-2024 жылдары жалпы құны 8,6 млрд. теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылып, 300-ден астам жұмыс орны құрылды. Қазір 1 млрд. теңгеге 8 коммерциялық нысан іске қосылып, 30 жұмыс орны ашылды, – деп ел Президенті тапсырған міндеттер бойынша атқарылып жатқан шаруаларға кеңінен тоқталды.
Расымен, қай саланы алып қарасақ та ілгерілеушілік айқын байқалады. Әсіресе инвестиция тарту басты назарға алыныпты. Атап айтсақ, «Гелиос» ЖШС 500 млн. теңгеге заманауи автожанармай құю стансысын, «Достық» ЖК 500 млн. теңгеге сауда кешенін салуда. Екі нысан да жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Бозтоған АГРО» ЖШС 400 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын, «Аким А» ЖК 200 млн. теңгеге жиһаз шығару цехын, «Малайбеков» ЖК 100 млн. теңгеге дүкен-асхана, «Құдайберген» ШҚ 150 млн. теңгеге мал бордақылау алаңын салуды көздеп отыр.и
Қаратал аграрлы аймақ болғандықтан аудан әкімі жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қомақты қаражат бөлініп жатқанын тілге тиек етті.
– Биыл аудан шаруаларын қолдауға мемлекет тарапынан 536,2 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ ауданымызда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын барынша қолдануда. Қазір кез келген азамат үйінен шықпай «Геопортал» жүйесі арқылы бос жер учаскелерін көріп, конкурсқа қатысып, жер алуына болады, – деп биыл мемлекет меншігіне 17,4 мың гектар жер қайтарылғанын айтты.
Ауданда елді мекен тұрғындарына бау-бақша өсіру мақсатында 344,5 гектар жер учаскелері бөлініп беріліпті. Қазір қызылша жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан бойынша 831 гектар қант қызылшасы себіліп, 37 шаруа қожалық өнім жинауға кірісіпті. Бүгінде 340 гектардан жиналған 16 703 тонна өнім Көксу қант зауытына өткізілуде. Қалған 491 гектардың өнімі қараша айының 20-нан бастап Көксу қант зауытына өткізіледі.
Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту бойынша да ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл 21 жоба бойынша Үштөбе қаласы, Қожбан, Қаражиде, Кәлпе, Ұмытыл, Қызылжар, Достық, Ескелді би, Көкпекті, Алмалы ауылдарында көше жарық шамдарын орнатуға бюджеттен 303,0 млн. теңге қарастырылып, 21 жобаның жиырмасының жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, Бастөбе ауылындағы Комарова, Жаңаталап ауылындағы Жамбыл көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қай саланы алып қарасақ оң өзгеріс көп. Алдағы жоспар да қомақты. Егер осы жоспардың барлығы жүзеге асса әулиелер мекенінің әлеуеті артары сөзсіз.
Айдар ҚАЛИЕВ





