«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының саяси кеңес бюросы мен партияның Панфилов аудандық мәслихатындағы депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері Римма Салықова, Ыбырай Даутов, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, аудандық саяси кеңес Бюро мүшелері мен бастауыш партия ұйымының төрағалары, өңір белсенділері, округтердің әкімдері және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын жүргізген кеңейтілген отырыста негізінен екі мәселе қаралып, 2023-2027 жылдарға арналған «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен оған байланысты Жол картасының Панфилов ауданындағы орындалу барысы және аудандық филиалдағы депутаттық фракциясы мүшелерінің атқарған жұмыстары сараланды.
Бірінші мәселе бойынша Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек баяндама жасап, өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биыл жүзеге асатын жоспарлы болжамдар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың басты бағыттарының көрсеткіштері артығымен атқарылды. Нақтыласақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110,3, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 100,3, құрылыс жұмыстары 131,8, инвестиция 129,1, бөлшек сауда айналымы 106,1, көтерме сауда айналымы 117,5, тұрғын үйді қолданысқа беру 116,5 пайызға орындалды, – деп өңірде атқарылған бірқатар маңызды шараларды таныстырып шықты.
Аудан әкімі соңғы 3 жылда 12 елді мекенде спорт кешені, 16 ауылда медицина ғимараттары, мыңға жуық тұрғын үй жаңадан салынып, ел игілігіне берілгенін айтты. Таза ауызсумен және табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Өңір жолдары жаңаланып, Жаркент қаласында 1200 орынды жайлы мектеп, Талды ауылында 300 орынды жаңа мектеп пайдалануға беріліп, тағы бірнеше білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліпті. Үлкеншыған ауылында жаңа Мәдениет үйі салынбақшы.
Аудан басшысына Астанадан, облыс орталығынан келген қонақтар бірнеше сауал мен ұсыныстарын айтып, тұшымды жауап алды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық депутаттық фракциясының мүшелерінің атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Депутаттар қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ





