Осы аптада өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс Саяси кеңес отырысында облыс әкімі Қанат Бозымбаев: « І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын, М. Тынышпаев атындағы музейді, полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының және Талдықорған полиция басқармасының ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімдігінің резервінен жобалау жұмыстарына 179 млн. теңге, жалпы қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар, мәслихат депутаттары мен партия белсенділері 512 мұқтаж отбасына 4 млн. теңгеден астам қаражатқа көмек көрсеткен», – деп атап өтті.
Яғни, бейбіт күнде жоғарыда аталған қаражатқа мәдениет, білім, спорт, тағы да басқа нысан салып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға немесе тұрғын үй кешенін тұрғызып, баспанасыз жүрген талай жанның қоныстойын тойлауына мүмкіндік туар еді. «Шығын шықпай кіріс кірмес» дегендей, болар іс болды. Енді оның бояуын сіңірмей қайта қалпына келтіру – бүгінгі таңдағы басты жұмыс.
Жаппай тәртіпсіздік орын алған 5-6 қаңтар күндері қаланың жағдайы тым аянышты болғанын бәріміз көрдік. Өртенген ғимараттар, көше бойы шашылған қоқыстар, аударылған көліктер әлі көз алдымызда тұр. Жағдай тұрақталған соң қаланы тазалау жұмысы қолға алынды. Жұмыстың басы-қасында Талдықорған қаласындағы «Көркейту» ЖШС жүрді.
– ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезінде Талдықорған қаласында блокбекеттерді жабдықтау үшін баррикадаларды тазартумен, орнатумен «Жақсымбет» ЖШС, «Талдықорған Көркейту» ЖШС және «Кенебаев» ЖК мердігерлік ұйымдары айналысты. Жинау барысында мердігер ұйымдармен 19 бірлік техника және 41 адам жұмылдырылды. Оның ішінде «Оleg.ТДК» және «Азаматтық» еріктілер ұйымы мен Талдықорған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары да болды. Бүгінгі күні қала саябақтарын, скверлерін және көшелерін санитарлық тазалау бойынша жұмыстар күнделікті штаттық режимде жүргізілуде, – деп жауап берді «Көркейту» ЖШС директоры Владимир Оңалбайұлы.
Нысандардың бүлінуімен бірге бизнес өкілдерінің шығынға батқаны тағы бар. Әрине, осыған дейін сауда дүкенін тонау, бүлдіру, өртеу жағдайы тіркелмегені анық. Сондықтан да кәсіпкерлер алғашында бейқам болды. Ал төтенше жағдай орын алуы мүмкін деп топшылағандар дүкендегі тауарларын қауіпсіз жерлерге тасып, сақтық шарасын жүргізді. Олар тауарын аман-есен сақтап қалғанымен жағдай орныққан соң заттарын дүкенге қайта тасып, әуреге түсті, шығынға ұшырады. Қалай айтсақ та жаппай тәртіпсіздік салдарынан белшеден шығынға батқан бизнес нысандары аз емес. Бизнес саласының шығыны туралы жіберген хатымызға облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Думан Керімбаев:
– Облыстық кәсіпкерлер палатасы күн сайын қаңтарда жаппай тәртіпсіздік барысында зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізуде. 22 қаңтардағы жағдай бойынша зардап шеккен кәсіпкерлік объектілерінің жалпы саны 143-ті құрады, оның ішінде, 12 ірі субъектіге (22 объект) шамамен 3 млрд. теңге, 5 орта субъектіге (5 объект) 77,6 млн. теңге, 82 шағын субъектіге (93 719,7 млн. теңге, 23 микрокәсіпкерлік субъектісіне (23 объект) 116,6 млн. теңге залал келтірілген. Залалдың жалпы сомасы 3,9 млрд. теңгеге жуық. Сонымен қатар, облыс бойынша кәсіпкерлік қызметтің 122 субъектісі зардап шекті. Зардап шеккен нысандардың 78 пайыздан астамы сауда нысандары. Зардап шеккен кәсіпкерлердің негізгі бөлігі Қарасай ауданында орналасқан «Апорт» СОО, «Алтын Орда» базары, – деп жауап берді.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта тәртіпсіздіктер нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды өтеу тетігі бекітілді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өтініштерді беру және құжаттарды дайындау тәртібін түсіндіру жұмысын жүргізуде. Талдықорған қаласында тоналған дүкендердің қатарында «Фора» техника дүкені де бар. Дүкеннің директоры Алина Фомина:
– Басында бәрі бейбіт митинг делінген соң бұзып, шағу, тонау сияқты жағдай орын алады деген ойда болған жоқпыз. Сол күні біздің дүкен зардап шекті. Дүкенді тонауға қолында қаруы бар, бетперде киген үш адам кіргені бейнекамераға жазылып қалған. Олар сол күні түн жарымына қарай дүкеннің есігін шағып кіріп, алдымен кассадағы ақшаларды алып, кетіп қалған. Сосын екі сағаттан кейін тағы да қайта келіп, он шақты смарт телефонды алып, тайып тұрған. Бір қуанарлығы, басқа дүниені бүлдірмей, өрт қоймай шығып кеткен. Күзетшілер жағдай орын алған кезде байланысқа шығып, хабарласа алмаған. Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр, – дейді.
«Қаңтар қасіреті» деген терминмен есте қалған жаппай тәртіпсіздік қазақстандықтардың жүрегін әлі сыздатып келеді. «Бір күн керіс болған үйден қырық күн береке кетеді» дегендей, санаға түскен салмақ пен қалтаға түскен шығынның көлемі аз болмады. Енді сол бүлінген дүниені қайта қалпына келтіру жұмыстары да жұрттың қажетіне жұмсалатын қаражаттың біраз бөлігіне жүк болатыны белгілі. Әрине, орнында бар дүние қайта қалпына келетіні анық. Бүлінген ғимарат жаңарып, ұрланған дүниенің есебі анықталады. Десе де, осы бір жағдай алдағы уақытта бәрімізге сабақ болып, Президенттің жаңа реформаларын жүзеге асыруға және салиқалы ел құруға деген ұмтылысымызға дем берсе болғаны.
Қажет АНДАС




