Халықаралық Жастар күніне орайластырылған «JetFlow» онкүндігі аясында «Таза Қазақстан» тақырыбында жастар арасында пікірталас турнирі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық санасын арттыру және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараны тамашалаушылар мен көрермендер ерекше әсер алып, шабыттанды. Пікірталасқа аймаққа қарасты қалалар мен аудандардан 70-ке жуық жас азамат қатысты. Турнир американдық парламенттік форматта өтті.
Президенттің: «Экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау – басты міндеттердің бірі. Бізге ұлттық деңгейде экологиялық сана қажет» – деген сөздерінен шабыт алған қатысушылар елдегі экологиялық жағдай мен жастардың экологиялық жауапкершілігі, қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті, салауатты болашақтың негізі ретінде қоршаған ортаны таза ұстау сияқты өзекті тақырыптарды белсене талқылады. Пікірсайыс қорытындысы бойынша төрешілердің әділ және кәсіби шешімі негізінде жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар табысталды.
– Бүгінгі пікірсайыс турниріне қатысқан жастар табиғатты құрметтеу әрбір саналы азаматтың міндеті екенін түсінді деп ойлаймын. Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана ұран емес, әрбір жас адам басшылыққа алатын өмірлік қағида. Белсенді болыңыз, өз пікіріңізді білдіріңіз, өз еліңіздің болашағына үлес қосыңыз!– дейді «Jetisy jastary» КММ «Taldykorgan jastary» филиалының басшысы Әуел Әлішер.
Бұл іс-шара жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадам болғанын тағы да дәлелдеді.
Айгүл Байжұмақызы





