Талдықорған: +35°C
$ 465.74
€ 531.08
₽ 5.92
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ҚОЖАХАН БОЛЫС

17.01.2022
КҮЛТӨБЕ
ҚОЖАХАН БОЛЫС
WhatsAppTelegramFacebook

Жетісудың Қожахан деген батыры бар екен деген сөз Алтай, Атырау, Жетісу, Арқа аралығын жайлаған алты Алаштың қасқыр ішіктің түгіндей қалың еліне түгелдей жайылады. Осыдан кейін Ташкент базарында қазақтар басын жоғары ұстап, еңсесін көтеріп, емін-еркін аршындап жүретін болды.

1897 жылы Жетісу облысы генерал-губернаторының бұйрығымен Қожахан Бабайұлы жеке бөлініп шыққан, дербес болыстықтың басшысы болып сайланды. Оған тірек болған Қыстаубай Түстікбаев, Бөрібай Түстінбаев, Жапарқұл Жазылбеков, Ақылша Бәзілбеков, Қали Жайнақов. Күртібай Сүттібаев, Тұрыскелді Жексембин, Қожахмет Бабаев, Шаяхмет Бабаев, Әлімқұл Бөлеков, Молдақұл Бөлеков, Иманқұл Бабаев, Оразбай Асқарбеков, Малыбай Маштақов, Батырбек Байсуанов, Жанбатыр Байсуанов, Найманбай Қойайдаров бірінен соң бірі осы болыстықтың билері атанады. Сөйтіп 1897 жылы Қожахан Бабайұлының таңы атты, күні шықты, дәуірі жүрді. Ол өзінің іскерлігімен, табандылығымен, талантты билеуші ретінде санқырлы саясаттың қыры мен сырын меңгере жүріп тоғыз жыл Балғалы болыстығын басқарды, үзіліссіз үлкен істің басында жүрді. Сонымен қатар ол алғырлығы, ақылдылығы, аңғарымпаздығымен Бөлек, Бабайдан кейін болған басшылардың әлсіздігінен, солқылдақтығынан көршілес болыстықтарға өтіп, қолды боп кеткен атажұртты өз қол астына өткізіп, атамекенді қайтарып алды. 
1897 жылы бірден бірінші билікке келіп, аты мен даңқы дүркіреп шыққан Қожаханды қайткенде шалып жығамыз деп әр қадамын қалт жібермей қадағалап, аңдып, әрбір жүрісін жіті бақылап отырған дұшпандары көп еді. Осы жылы «ат арындап шапқанда шалыс кетпейтін жүйрік жоқ» дегендей, Қожахан үлкен ағаттық жіберіп алды. «Еліме талай зорлық-зомбылық жасаған Малайсары жұртымен құда болмаймын», деп оларға жастайынан атастырылып қойған қарындасын Іленің арғы бетіндегі көршілес жатқан сарыүйсіндерге ұзатып жібереді. Мұны естіген Малайсары жұртының басты биі Асылбек «Қожахан ата салтымызды бұзды, ар-намысымызды аяққа таптады, берген сертінен тайды, сүйекке таңба түсірді», деп Жалайырдың басты биі Жәлмендеге жүгінбей, күші мен көптігіне сеніп Қожаханды қолға түсіреді. Бұл уақытта ол Қапалдағы жиналыстан қасында жалғыз адамы бар алаңсыз келе жатқан болатын. Жол торып, оның қайтқанын күтіп отырған қарулы жігіттер екі метр бойы бар еңгезердей Қожаханды қолға түсіріп, қол-аяғын байлап-матап, Асылбек бидің ауылына алып келеді. Олардың келуін тағатсыздана күтіп, бар істі ұйымдастырып отырған жырынды би өзі әбден тісін қайрап жүрген ата жауы, бақталас адамы санаған Қожаханды қорлап, күштеп болыстың басына кимешек, үстіне көйлек кидіртіп, шымылдықтың ішіне отырғызып, керегеге тапжылмастай байлап тастайды. Құтырған иттей көзі қызарған, қаһарына мінген Асылбек мұнымен қоймай ат шаптырып, Жәлмендені алдырады. «Неде болса бір үлкен бәле болған-ау», – деп алаңдай жеткен Жәлменде отау үйге кіріп келсе, төрде түтігіп, аман-сәлемі жоқ дөңкиіп отырған Малайсарының биі: – «Мына шымылдықтың ар жағында Қожахан отыр. Ол бізге берген сертін бұзды, біздің жесірімізді сарыүйсінге ұзаттырып жіберді, сен куә боласың», – деп гүж ете қалады. Қарсы шыққан қарсыласын қар аралас жаңбыр сияқты сөзбен төпелеп, тілімен тіліп, саңқылдаған дауысымен мүйізін сындырып жіберетін Жәлменде бірден шабуылға шығып: 
– Әй, Асылбек! Қожаханды өлтірсең мен келмей тұрып неге өлтірмедің. Ат төбеліндей балғалының болысы еді деп Қожаханды адам құрлы көрмей, менсінбей, отпен ойнап отырғаныңды білемісің. 
Біріншіден, Қожаханды менің көзімше өлтірсең, менің абыройымды төгіп, бар елге масқара етіп, қылмыскер етесің. Бірақ маған тием деп менің кием өзіңді ұрып кетерінен қорықпайсың ба?
Екіншіден, Қожаханмен ойнама, оның артында аз ғана балғалы, ат төбеліндей жұрты ғана емес, арысы алты қарыс қалың Жалайыр тұр. Үшіншіден, ол орыс билеушілерімен жақсы қарым-қатынаста, ағайын-туғандай араласады. Сенің Қожаханды өлтіргеніңді естісе, қол-аяғыңа кісен салады да алты ай қыс кетпейтін көздің ұшындағы итжеккенге айдатып жібереді. Сонда саған арқа сүйеп отырған ағайының, қалың жұртың көмектесу тұрмақ, сүйегіңді табуға жарамай қалады, – деп бетің бар, жүзің бар демей, жер-жебіріне жетіп, қаһарына баса қатты айтып тастайды.     
Жаңа ғана «менің айтқаныма Жәлменде қайтсе де көнеді» деп, өзіне-өзі сеніп, қақ төрде малдас құрып, шалқайып, көкірегін керіп, басын кекжитіп отырған менмен де тәкаппар Асылбек ұрымтал жерден отты сөздерімен аямай ұрған Жәлменденің айбатынан кейін буындары босап, сылқ ете қалды. Мойнына бұғау түскендей алқымы жыртылып, тынысы тарылып, тоқырап қалған Асылбекке таудай биік, түбірі жуан бәйтеректей Жәлменде жоғарыдан қарап: 
– Мен Қожаханмен жүздеспей-ақ қояйын, мен кеткеннен кейін Қожаханды босатып, кешірім сұрап, жөніне жіберіңдер, ат-                             айыбын төлеуді ұмытпаңдар! Айттым болды, – деп кілт бұрылып отау үйден шығып кетеді. 
Аңдаусызда торға түскен арыстандай арқыраған Қожахан атына секіріп мініп, түнделете Қапалға жетіп, ертеңіне оязға жолығып, бар жағдайды баяндап береді. Әумесер бидің әлімжеттігіне, озбыр қылығына қатты ашуланған Қапалдың оязы Малайсары тауының етегіндегі ауылға атты казактарды жіберіп, Асылбекті абырой-беделінен айырып, қолына кісен салып, Қапалдағы абақтыға жабады. Үш күннен кейін Қожахан абақтыға келсе, Асылбек би темір тордың арғы жағында ауға түскен шөжедей мөндім-мөндім боп отыр екен. «Күш атасын танымайды» деп, қаһарына мініп келген Қожахан бақталасының мүсәпір жағдайын көріп, көңілі орнына түсіп, айызы қанып: 
– Сен мені таяқтап, денеме сызат, сүйегіме таңба түсіріп, ел алдында қорладың. Ал мен сенің қол-аяғыңа құл құсатып кісен салып, абақтыға қаматтым, түнекке түнеттірдім, кеткен кегімді қайтардым, ал енді аманыңда жөніңе қайт, еліңді тап, – деп бостандыққа шығартады. Жалғыздықтан торығып, аштықтан зорығып, бірауыз сөзге жарамай тілі байланып, тосылып қалған Асылбек бидің бетіне тор, көңіліне кірбің түседі. Асылбектің астамшылығын, бақталасы болса да ата баласы Қожаханға көрсеткен қиянатын Жалайырдан шыққан отты өлеңнің шебері, өрелі ақын Мәулімбай кездіктей өткір, жалынды жырымен керегелі бидің келеңсіз қылығын бетіне басады.
Алғашқы кезеңде Жәлменде би Бабайдың аманатын орындап, Қожаханды қасына ертіп, Қапал мен Верныйдың игі-жақсыларына таныстырғанда, олар екі метр бойы бар сырықтай ұзын, гүжілдеген дауысы зор, күш-қуаты қайнап тұрған алып денелі Қожаханды көріп қорқып, беті қайтып қалған олар таңдана әрі секемдене: «Әй, Жәлменде, мынауың Қожахан емес, Қошақан ғой», – деп айбат шегіп қалады. Сондықтан да ел аузындағы әңгімелерде көбіне оның есімі бұрмаланып Қошақан деп айтылады.
Жел үйіріп, қар боратқан қарсыластарымен алыса жүріп, жеке-дара Балғалы болысын құрып алған, шеріктен шыққан Асылбекті абақтыға қаматып, буынды жерден тұрмастай қылып ұрып алған Қожаханмен бұдан былай Жалайыр, Найман, Үйсін, Дулаттың би, көсемдері санасып отыратын болады. 
Бүкіл қырғыздың бай-манабының ішінен асып, аршынды да арынды топты қақ жарып шыққан алмас қанжардай өткір, Жетісу әкімшілігінің шен-шекпенді полковник, генералдарының тілін тапқан Шабдан мырза бірде ас беріп, оған барлық қырғыз, қазақтың басын қосады. Балғалы болысын басқарып отырған Қожахан да осы асқа шақырылып, өзінің тоғыз жолдың торабында орналасқан үйіне ат басын арнайы бұрып, тоқтап, түстеніп кететін, он екі ата Жалайырдың Балпық, Қарымбай, Тіленшіден кейінгі басты биі Жәлмендені асыға күтеді. Ол кісі де көп ұзамай басқа да Жалайырдың игі-жақсыларымен бірге Қожаханды да қасына алып, Алатаудың баурайына, қырғыз еліне сапар шегеді. Атағы жер жарған Шабдан манап барын шашып әбден көсілген екен, жүзге жуық Алатаудың ақша бұлтындай үйді тігіп, ішін дүние-жабдық, қымбат кілемге толтырып, көз жайнатар дастарқан жайдырып тастапты. Кермедегі алыс-жақыннан келген қонақтардың байлаулы тұрған атына сан жетпейді. Әрине, бұл асқа қарапайым қара сүйек халық емес, Жетісу облысының басшылары, Жерұйық өлкенің, құтты өңірдің шен-шекпенділері түгелдей шақырылыпты. 
Алыс-жақын маңнан ат арытып келетін қадірменді қонақтардың асқа бір-екі күн бұрын жиналатын әдеті емес пе? Жалайырдың игі-жақсы, бетке ұстарларын қасына ерткен Жәлменде бастаған топ та кештете ас өтетін жерге жетеді. Алдын ала дайындалған, күтуші жігіттер қонақтарды бәйек қаға аттарынан түсіріп, тиісті үйлерге жайғастырып жатыр. Жалайырдың басты биі Жәлменде сегіз қанат ақ ордаға түссе, Қожаханға асқа тігілген көп үйлердің шетіндегі, күтушісі жоқ, ішінде кілем көрпе жабдықтары болса да, дастарқаны жайылмаған, оқшау тұрған қараша үй бұйырады. Мұны көрген Қожаханның көңілі нілдей бұзылып, бірақ ешкімге ләм-мим деместен қара тастай қатып, екі бүктеліп жатып қалады. Жан-жақтағы қанаты құстай жазылған ақ ордалардан ет жеп, қымыз ішіп масайрап, дуылдап жатқан бай-манаптардың дауыстары түн қараңғылығында ерекше жарқын-жарқын естіледі. Арқасы қозып, ашу-ыза қысып, қатты қорланған Қожахан таң атқанша ұйықтай алмайды. Таң атысымен ас берілетін ауылда дүние дүркіреп, ошақтардағы от алаулап, тай қазандардың буы бұрқырап, былқылдап пісіп жатқан жылқы етінің дәмі жан-жаққа жайылып, тәбетіңді ашады, аш адамның сілекейі амалсыздан шұбыратыны белгілі. Бүйірлері қампайып, ішіндегі сулары бұрқылдап қайнап, ентіге ызылдап қайнап тұрған күміс, қола самауырындардың сауырлары күн көзімен шағылыса жалтырайды. Түнімен дуылдай әңгіме айтып, жыршы-күйшілердің өнеріне елтіп жатқан қонақтар күн көтеріле сыртқа шығып, тең-теңімен, әңгіме-дүкен құрып отырғанда, гүжілдеген оқыс дауыс шықты. Екі метр бойы бар, божбан қара, алып жігіт бурадай бұрқырап, теңіздей толқып, ақырып, айқайлап тігулі тұрған қараша үйді төңкеріп тастады. Оған күтуші жігіттер батпай, арлан қасқырды көрген ауылдың иттеріндей тиісе алмай, тосылып тұрып қалды. 
Бұл Қожахан болатын. Енді ол жібек жіптей лыпылдап тұрған жирен атқа мініп алып, зор дауысымен, асқа дайындалып жатқан ауылды жаңғыртып, Шабдан қайдасың деп жерді жара, арқасы қозып, еліре шыққан бақсыдай, екілене айқайлады. Астындағы атын қамшылап, қадірменді қонақтарға арнайы тігілген ақ шаңқан үйлердің алдынан ары шауып, бері шауып, бар жұрттың назарын өзіне аударып:  
– Шабдан қайдасың. Ер болсаң ортаға шық. «Мен сенімен жекпе-жекке шығам», – деп бұрынғының батырларындай ұрандап алды да, қақ төрде тұрған он екі қанат ақ орданың алдына кеп атынан секіріп түсті. 
Жетісудың түкпір-түкпірінен жиналған қырғыз-қазақтың ығай мен сығайлары таңдана зер сап, Шабданның қарулы жігіттері оған тап беруге батпай тұрып қалады. Қалың жұрттың назары шойындай қара, алып жігітке ауып, барлығы тосылып, бір тылсым тыныштық орнағанда, басында түгі бұрқыраған құндыз бөркі, үстінде алтын жіппен әдіптелген, зерленген шапаны бар бір адам жүгіре баса, топтан шығып: «Қожахан мырза, кешіріңіз, бізден бір үлкен қателік кетті» деп, екі бүйіріне қолын қойып, күреске шығуға дайындалып, талтайып тұрған палуандай, екі метр бойы бар алпамсадай жігітті белінен құшақтай алды. Шөкімдей сақалы, шөже торғайдай салмағы бар, атағы жер жарған, Шабдан болыс осындай аласа бойлы, қолтоқпақтай ғана адам екен. Құшақтай алған, өзінің кіндігінен келетін бойы біртұтам адамды көріп, таудай биік Қожахан жоғарыдан қарап, барша жұрт естісін дегендей, бар дауысымен: «Мен Шабдан болысты Алатаудай алып па десем, басып кетсем байқамай қалатын балапандай ғана адам екен ғой!»  деп, атақты манапты қапсыра құшақтап, балаша көтеріп алады. Манадан бері, сырттай селт етпей бақылап, істің ақыры не болады екен деп күтіп тұрған өңкей дөкей, игі-жақсылар ду етіп күліп, бір масайрап қалды. Батырмен батырша, манаппен манапша, болыспен болысша, генералмен генералша, қарамен қараша сөйлесе алатын, бардың да, жоқтың да ойындағысын біліп, тіл табыса алатын, дер шағында Жетісудың ұлы биі Жәлменденің қасында жүріп, үлгісін көріп, тәрбиесін алған Қожахан ғой бұл! Басқан қадамын бақылап отыратын Жәкең: «күшік кезінде ауыздандырып ем, арлан қасқырға айналды» деп іштей шәкіртіне көңілі толып, риза болды бұл жолы. Жәлменде жан-жағында тұрған Жетісудың бетке ұстарларына қарап: «Бұл біздің Қожахан батыр. Жалайыр елін қанша араласам да Қожахандай алғыр да ақылды адамды кездестіргем жоқ» деп оның абыройын асырып, ағынан жарылады. 
Көп ұзамай, бір жылдан кейін Ескелді, Балпық, Қабан, Жолбарыс, Қарымбай, Бөлек, Назар, Тіленші билердің жолын жалғастырып, Жетісу елінің құтты да қызырлы биіне айналған Жетісудың ұлы биі, алты Алашқа танымал Жәлменде Меккеге қажылыққа барғанда аяқ асты науқастанып дүниеден өтті. Оның көзін көріп, тәлімін алған Қожахан үшін, бүкіл Жетісу жұрты үшін орны толмас қайғы еді бұл. Қазақ елінің атам заманнан айналысып келе жатқан негізгі кәсібі мал емес пе?! Оны бағып-қағып, жаздың аптабына, қыстың аязына шыдап, төлін өсіріп, санын көбейтіп, тауқыметін тартып табиғаттың аясында жүретін көшпенді халықтың басы кейде құтқа бөленіп, кейде жұтқа тап келіп жататыны белгілі. Жұртының саны басым, құт-берекесі артқан болыстықтардың бай-манаптары байлық көзін ертеден тауып, қиырда жатқан, Ташкентке күзде, мал семірген шақта арнайы отар-отар қой айдап, оны сатып, орнына бұл жақта таңсық, көйлек- көншекке, көрпе-жастыққа лайықты тау-тау бұл, жібек, шайы, сәтен секілді кездемелерді сатып әкеліп, малы аз болғандықтан жайлауға шықпай, ерте көктемнен сары күзге дейін кетпен-күректі қолдан тастамай, егін салып ала жаздай еңбек еткен дихандарға арпа, бидайға айырбастап, ұпайын толтырып, байлығын молайтып отырды. Бұрында мұндай кәсіппен татар, сарт, тараншылар айналысып, көшіп-қонған қазақ ауылдарынан пұл тауып, табысқа кенеліп жатушы еді. Енді бұл іспен қазақтың ірі байлары айналысып, ала шапан киген ағайындардың керегі болмай қалды. Мысалға, Балғалы болысының алдыңғы қатарлы атқамінерлері Жанбатыр Байсуанов, Батырбек Байсуанов, Білдебай Самаев, Әбділда Самаевтар Алматыдан арнайы тігін машинасын сатып алдыртып, өздері Ташкеннен малға  айырбастап әкелген тең-тең қымбат кездемелерден ісмер әйелдерге көйлек-көншек тіктіртіп, маңайдағы қолында қаржысы бар адамдарға сатып, болмаса малға  бағалап, табыстың көзін тауып алды. 
Болыс болу тек қана ел басқару, шен-шекпен киіп, таққа отыру емес, артынан ерген жұртының асыраушысы, басты тіреуі екендігін Қожахан ерте түсінді, өйткені аты ұранға шыққан Бөлек бабасының өнегесін көп естіді, көңіліне тоқыды. Сондықтан да ол елді басқарып, билеп-төстеп қана қоймай, қарақан бастың қамынан жұрттың игілігін жоғары ұстап, «қарынбайлардың» салған жолымен кетпей, елдің еңсесін көтеріп, кәсібін арттырудың бір үлкен жүйесі саудада екеніне жіті мән беріп, соған жаңа сүрлеу салуға тырысты. Талай жыл басқа руларға қарағанда адам саны аз болып, тағдырдың тәлкегіне түскен, қу тірліктің тауқыметін тартқан елінің бүгіні мен ертеңін ойлаған ол балғалының дүркіреп тұрған байларының малын айдатып, өзі бас болып, Ташкентке бет түзеді. Бұл елдің ішінара қол жеткендері, ірі атқамінерлері ол жаққа барып, малын сатып, оның орнына керекті тауарларды сатып алып, елге әкеп бидай мен тарыға айырбастап жатқандары болмаса, мұнымен ешкім жалпылама айналыса қоймаған еді. 
Ұлан-ғайыр жері бар, бес үлкен уезден тұратын Жетісу облысы құрамына кіретін Түркістан әскери округінің орталығы Ташкентке Қожахан бастаған балғалылардың үлкен көш керуені осылай бірінің артынан бірі оңтүстікке ұшқан құстардай сапар шекті. Ташкенттегі базар өзінше бір дүркіреп, дуылдап, құмырсқадай құжынап жатқан қалың жұрты жыртылып айырылатын, сауданың қазаны қайнаған, өзінше бір үлкен шаһар екен. Бес-алты шақырым жерге жуан арқаннан ұзыннан ұзақ тартылған желіге Алтай, Атырау, Арқа, Жетісудан ат арытып келген қазақтардың жылқылары қатар-қатар байланыпты. Қожахан серіктерімен адам мен жанға тұнып тұрған базарға кіріп кеткенде, оның атқосшысы Қаңтарбайұлы Нүсіп сауда кермесінде тартулы тұрған, үлкенді-кішілі бүйірі бұлтиып, көзді қызартып мен мұндалап тұрған қызыл күрең небір құмған, құмыраларды көреді. Таңсық тауарға қатты қызыққан атқосшы әлгі заттарды ұстап көріп жүргенде, білегімен байқаусызда сөреде самсап тұрған құмыраларға тиіп кетіп, олардың бес-алтауы шайқалып барып жерге құлап, быт-шыты шығады. Заттарын қызғыштай қорып, жан-жақтағы қалың жұртқа алың-алың деп тілін безеп, сайрап тұрған қоңқақ мұрынды, қайыстай қатқан қара өзбек мұны көріп, ашуға басып, ит тістеп алғандай қатты шыңғырып, «атаңа нәлет қазақ» деп, аузын ашып дағдарып тұрған атқосшыны жер менікі дегендей әлімжеттік танытып, таяқтың астына алады. Үлкен базардың бар сатушысы өзбек болғанмен, сатып алушылардың басым көпшілігі қазақтар емес пе?! Олар қандарына тартып, аяқ асты таяққа жығылған байғұсқа ара түседі. «Атқосшыңызды өзбек ұрып тастады»  деген сөзді естіген Қожахан дереу әлгі жерге келсе, оның сенімді серігі таяққа жығылып, басы жарылып, киімі жыртылып, көк ала қойдай қалтырап тұр екен. Мұны көрген Қожахан ашу-ызадан қап-қара боп түтігіп, арыстандай ақырып: 
– «Өзбек өз ағамыз», деп атағын аспанға көтеріп, өбектеп жүрсек, өзімізді өзектен алып, өкпемізден тепті, көкіректен ұрды, басты жарды. Ау қазақтар, қайдасыңдар, намыстарың қайда?! Қашанғы басындырып, басымызға шығарамыз, мына ала тақия киген қаныпезерлерді. Алаштың азаматтары алға шығыңдар! – деп, зор дауысымен бар базарды жаңғыртқанда, Алтай, Атырау, Арқа, Жетісудан келген қазақтардың арқалары қозып, ұрандап атқа қонып, бүкіл өзбектерді сауда орталығынан қуып шығады. Екі метрге жуық бойы бар алып денелі Қожахан көктен түскен қырандай төніп келіп, өзінің атқосшысы Нүсіпті таяққа жыққан өзбектің мойнын сығымдап қысып көжектей қалтыратып: «Сен бес-алты қыш құмыра үшін менің адамымды соққыға жықтың, таяқтап басын жардың. Ал мен сенің бар затыңды қатыгездігің үшін бір тиын төлемей, тартып алам» – деп саудагердің сөредегі самсап тізіліп тұрған бар құмырасын бір түйеге жүк қылып арттырады. Сөйтіп «қалың қазақ бүкіл өзбекті өз базарынан қуып шығыпты» деген шындыққа толы аңыз әңгіме өрбіп, Жетісудың Қожахан деген батыры бар екен деген сөз Алтай, Атырау, Жетісу, Арқа аралығын жайлаған алты Алаштың қасқыр ішіктің түгіндей қалың еліне түгелдей жайылады. Осыдан кейін Ташкент базарында қазақтар басын жоғары ұстап, еңсесін көтеріп, емін-еркін аршындап жүретін болды. Енді саудагерлердің өздері де Жетісудан мал айдап келген жұрт болса «Қожахан батыр келді ме?»  деп жапырыла сұрауға көшеді. Осылайша Қожахан өзінің өр мінез, мұқалмас жігерімен Ташкент базарына жол ашып, малы барлар, қолы жеткендер ол жаққа алаңсыз аттанып жатты.

 

Жұмахан  ҚОЖАМҚҰЛ,
өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі, Қапшағай қаласының 
Құрметті азаматы

 

Қатысты жаңалықтар

Республиклық арналарда партияаралық теледебат ұйымдастырылады

Республиклық арналарда партияаралық теледебат ұйымдастырылады

24.07.2026
Қазақстандықтардың 22,8 млрд теңге айыппұлы кешірілді

Қазақстандықтардың 22,8 млрд теңге айыппұлы кешірілді

24.07.2026
Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі туралы не білу керек?

Сайлау науқаны: Бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салынды

24.07.2026
Алимент енді арнайы шотқа аударылады

Алимент енді арнайы шотқа аударылады

24.07.2026
Жетісу станциясы теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталды

Жетісу станциясы теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталды

23.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.