Перизат Қайраттың болашақтағы жұмысы мен анасымен бір колонияға ауысу мүмкіндігі жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков түсініктеме берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Перизат Қайраттың жұмысқа орналасуы оның кәсіби дағдысына және түзеу мекемесіндегі бос жұмыс орындарына байланысты шешіледі.
«Оның қабілетіне қарай қолайлы бос орындарды қарастырамыз. Егер біліктілігі жеткіліксіз болса, тиісті оқыту жұмыстары жүргізіледі. Мекеме ішінде тігін өндірісі немесе шаруашылық бөлімінде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Сотталғандардың ең төменгі жалақысы міндетті түрде төленеді», – деді Абай Қайырбеков.
Сонымен қатар, ол қажет болған жағдайда Перизат Қайраттың колония жанындағы колледжде немесе арнайы курстарда оқи алатынын айтты.
Анасы Ғайни Алашбаевамен бір колонияға ауысу мәселесіне қатысты Қайырбеков былай деді:
«Анасы мен қызын бір колонияға ауыстыруға болады. Бірақ олар бір отрядта немесе әртүрлі отрядта бола ма – бұл мәселені түзеу мекемесінің басшылығы жедел жағдай мен қауіпсіздік талаптарына сай шешеді», – деп түсіндірді министр орынбасары.
Бұл мәселе сотталғандардың жеке қауіпсіздігі мен мекеме ішіндегі тәртіп ережелерін ескере отырып қаралады.





