Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, мемлекеттен бөлінетін қаржыға ғана иек артатын спорт федерацияларының басшыларын сынға алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы құтқарушылардың кәсіби мерекесіне арналған жиында сөйлеген сөзінде қоғамдағы тәртіп, жанашырлық және жәрдемдесу қағидаларын нығайту ісінде төтенше жағдай қызметкерлері өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
«Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін енгізу қажет. Құтқарушылар балалар мен жастар арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді атсалысуы керек. Бұл – стратегиялық маңызды міндет. Рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – ұлт сапасына тікелей әсер етеді», – деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев спорт федерацияларының қызметін сынға алып, олардың кейбірі қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбей, тек бедел жинау құралына айналып бара жатқанын айтты.
«Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері мен мемлекеттік мекеме басшылары басқарады. Бірақ көбісі өз қаржысын сала бермейді, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отыр. Кейбір шенеуніктер бұл қызметті өзін жарнамалау тәсілі ретінде пайдаланады. Тіпті спортшылардың жеңісін өздерінің жеке жетістігіне балап жүргендер бар. Мұндай жағымсыз үдеріс тоқтауы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл мәселені жан-жақты талдап, нақты шешімдер әзірлеуді Президент Әкімшілігіне тапсырды.
Сондай-ақ ол спорт пен дене шынықтыруға қолдау көрсетуді «құрметті қоғамдық миссия және азаматтық жауапкершілік» ретінде бағалау қажеттігін айтты.
«Федерацияны басқару – атақ немесе абырой жинау емес. Елдегі және шетелдегі беделіңді көтеру үшін емес, спортты дамыту үшін жұмыс істеу керек. Қазір спорт федерацияларына жаңа буын кәсіпкерлер мен меценаттар келіп жатыр. Олар спорттағы жағдайды жақсартуға нақты үлес қосуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыра береді, бірақ сонымен бірге кәсіпкерлердің де қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары болуы шарт.





