Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда еңбек етуге рұқсат беру құжаттарын қарау соңғы кезеңге жетті. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Еңбек және жұмыспен қамту министрі Ким Ён Хун мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
24.kz мәліметінше, Корея бүгінде 17 мемлекеттің азаматтарына ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бар. Ал Қазақстан Үкіметі өз азаматтарын Кореяда заңды түрде жұмысқа орналастыру туралы келіссөзді былтырдан бері жүргізіп келеді.
Сеул тарапы келісімге қол қоюға басты кедергі ретінде Қазақстаннан келетін заңсыз еңбек мигранттарының көптігін атаған. Биылғы шілде айындағы деректерге сәйкес, Оңтүстік Кореяда шамамен 11 200 қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр.
Бұл мәселені шешу үшін өткен айдан бастап Сеулдегі Қазақстан елшілігінде полицей атташе қызметін атқара бастады.





