Қазақстанда автокөлік өндірісі кейінгі жылдары қарқын алып, машина жасау саласының жетекші бағыттарының біріне айналды. Алматы индустриялық аймағындағы толық циклді, көпбрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты бүгінде әлемге танымал Chery, GWM, Changan сияқты брендтердің көліктерін құрастырып, Қазақстанды өңірдегі маңызды автоөндіруші мемлекетке айналдырып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Зауыт желілерінен Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion, Changan CS55 Plus сынды модельдер шыға бастады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 120 мың көлікті құрайды. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Зауыттың технологиялық желілері бір уақытта он екі түрлі модельді құрастыра алады, бұл тұтыну трендтеріне шұғыл бейімделуге мүмкіндік береді.
Өндірісте экология мәселесі де басты назарда. AMMKZ – ТМД кеңістігінде бояу процесіне құрғақ коагуляция әдісін енгізген алғашқы кәсіпорын. Бұл технология энергияны 35 пайызға дейін үнемдейді, суды және химиялық реагенттерді пайдалануды қажет етпейді, ал ауа тазарту тиімділігі 60 пайызға жоғарылайды. 215 млрд. теңгеден асатын инвестициялық жобаның құрылыс және инженерлік жұмыстарының басым бөлігі отандық мамандардың қатысуымен жүзеге асқан.
Автокластердің тағы бір маңызды бөлігі – Hyundai Trans Kazakhstan зауыты. 2025 жылдың алғашқы он айында кәсіпорын 43 мыңнан астам көлік шығарып, өндіріс көлемін айтарлықтай арттырды. Зауытта ұсақ тораптық жинақ үлесі өсіп, роботтандырылған технологиялар енгізілді. Мұнда Hyundai Tucson, Elantra, Santa Fe, Palisade, сондай-ақ Hyundai және Genesis маркаларының өзге де модельдері құрастырылады.
Автоөндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етті. Тек 2025 жылдың өзінде Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 500-ден астам адамды жұмысқа орналастырды. Жалпы алғанда, жаңа өндірістер инженерлік кадрларға сұранысты арттырып, машина жасау саласына қажетті мамандарды даярлауға серпін беріп отыр.





