Белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі растады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрлік марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
«Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын шебер орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты», – делінген ресми хабарламада.
Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Қазтұрғанова өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті.
Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енді.
«Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы мен өнерге деген сүйіспеншілігі кейінгі буынға өшпес өнеге болып қала бермек», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталмақ.
«Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын», – делінген көңіл айтуда.





