Аталған жобалар қатарында былтыр іске қосылған «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы шеңберінде жұмыс істейтін нысан мен «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жұмыс істейтін Сарқан ауданындағы «Абай атындағы мектеп-гимназия» КММ бар.
Жуырда ауданға аталған нысандарды зерделеу мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Болат Керімбек пен «AMANAT» партиясы облыстық филиалының басшысы Арыстанғали Арын жұмыс сапарымен келді. Ең алдымен Абай атындағы мектеп-гимназияға бас сұққан меймандар қордың қаржысына жасақталған жаңа заманауи сыныптарды аралады. Болат Бақбергенұлының сөзінше, білім саласын дамыту мақсатында тірек мектептері жобалары іске қосылған. Мақсат – аудан орталығында бір мектепті алып, оларға ұлттық қор арқылы қаражат бөліп, соңғы технологиядағы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету. Тірек мектептерінің негізгі идеясы – жергілікті әкімдік жөндеу жұмыстарын жүргізеді, тиісінше Назарбаев зияткерлік мектептері методика жағынан көмектеседі. Ал қор осы мектепке керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Білім ордасының басшысы Нұржан Мұхтарұлының айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры мектепке 250 млн. теңге қаражат бөліп, оқушыларға қажет деген құрал-жабдықтарды алып берді. Мұғалімдер педагогикалық шеберлік орталығында курстан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебіне барып тәжірибе алмасты. Жинақтаған тәлімін ауыл мектептерімен онлайн сабақтар өткізіп, бөлісті.
Мұнан кейін халық қалаулылары аудандық орталық ауруханада орналасқан «QH оңалту орталығының» жұмысымен танысты. Орталық меңгерушісі Милана Жуванышева жаңадан жасақталған әрбір кабинетке жеке тоқталып, ондағы құрал-жабдықтардың жұмысын сараптады. Айтуынша, қазір «Қазақстан халқына» қорының көмегімен қайта жасақталған Сарқан ауданындағы оңалту орталығында күніге 15-тен астам адам емделеді.
– Жалпы аутизм, басқа да балаларға қатысты кеселдерді емдеуге осы жерде толық мүмкіндік жасалып, соңғы һәм заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынған. Алдағы уақытта облыс орталықтарында осындай нысан салу мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Болат Керімбек.
Жақсылық ИГІМАН





