Қаратал ауданында шөп шабу науқаны қарқын ала бастады. Аптап ыстық пен құрғақшылыққа қарамастан қысқы мал азығын дайындауға кіріскен шаруалардың назары қазір қыр мен ойдағы шабындыққа ауған.
Жалпы аудан бойынша көпжылдық шөп 7001,9 гектарды құрайды. Қала, ауыл әкімшілік аумақтары бойынша 6173 гектар жер шабылып, 30865 тонна шөп жиналды.
Қыстың қамын жаз ойлап мал азығын дайындауға қызу кіріскен «Әбдікәрімов» шаруа қожалығының басшысы Жеңіс Балғабайұлы:
– Мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу, оның ішінде алынған төлдерді аман сақтау, мал өнімдерін өндіру көлемін арттыру – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдындағы басты міндет. Қазіргі уақытта қожалық үшін тары жинау және мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ең кереметі, биыл біз «ҚазАгроҚаржы» арқылы «Lovol 1054» тракторын лизингке алдық. Бұл бізге үлкен көмек болды. Техниканың қуаты мен тиімділігінің арқасында егін жинау мен мал азығын дайындау жұмыстарын уақытында және сапалы орындаудамыз, – дейді.
Аудан бойынша мал қыстату науқанына 155,7 мың тонна шөп дайындау жоспарлануда. Әзірге оның 43,2 мың тоннасы жиналды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





