1986 жылы желтоқсанның 16-17 жұлдызында болған көтеріліс – қазақ жастарының кезіндегі орталықтың, Мәскеудің билігіне қарсы шыққан, тәуелсіздігімізді көксеген бірден-бір қозғалысы болды.
Кеген ауданында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан отызға тарта адам тұрады. Жақында Оразбай Бекбатыров, Ерғали Талипов, Қуанышбек Әділханов, Берік Әбдіманапов, Гүлмарал Адасбаева, Динагүл Мамырова, Нұргүл Қызайбекова, Бижамал Құдайбергенова, Мұқаметқали Әшімбаев секілді Желтоқсан ардагерлерімен жүздестік. Оның ішінде ақталғаны, ақталмағаны, жастары алпысқа толғаны, алпысты алқымдап қалғаны, өмірде өзіндік орны бар бір-бір шаңырақ иелері бар. Мәселен, желтоқсаншы Берік Әбдіманапов аудандық аумақтық инспекциясының басшысы, Оразбай Бекбатыров пен Қуанышбек Әділханов тіс дәрігері, Гүлмарал Адасбаева ұстаз болып еңбек етеді. Ерғали Тәліпов пен Нұргүл Қызайбекова белгілі кәсіпкерлер, Динагүл Мамырова мен Бижамал Құдайбергенова мектептегі қарапайым қызметкерлер.
Сол күнгі ортақ әңгіменің өзегі Желтоқсан көтерілісі болды. Аталған Желтоқсан ардагерлерінің ішінде ең аз дегенде бір апта тергеу изоляторында отырғаны, жұмыстан шығарылғаны, жараланғаны, оқуда қалу үшін әскер қатарына аттанғаны да бар. Бойларында ұлттық рухы, намысы, патриоттық сезімі бар жас қыздар ешнәрседен қаймықпай, ұлттық рухты оятатын парақшаларды таратыпты. Сол үшін қамалып, тергеуге түскен. «Сол бір ызғарлы күндері жастардың бойынан мұқалмас күш-жігерді, жанарында жалындап тұрған отты көрдік. Арнайы жасақтың тепкісін көріп, тергеуге алынып, соққыға жығылсақ та осы күнге, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына аман-есен жеттік. Немере сүйіп отырған жайымыз бар. Бәріне шүкіршілік етеміз», – дейді олар. Ең бастысы, жүректерінде қалған Желтоқсан ұмытылмақ емес.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы





