Мектеп… Иә, бұл ұғым адамзат үшін еш уақытта көнермейтін, сарқылмайтын, әрбір адамның жүрегінде мәңгілік жатталып қала беретін ұғым. Адамзаттың бүкіл ғұмырына жететін тәлім-тәрбие мен білім нәрін берер осы мектеп кім-кімге де қашанда ыстық көрінері сөзсіз.
Көксу ауданы №12 орта мектебінің ұжымы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, әр баланың өмірден өз орнын табуына ерекше мән бере отырып жұмыс істейді. Эльмира Аманбаева басшылық ететін мектепте қазіргі уақытта 30 мұғалім қызмет атқарады. 2 педагог-зерттеуші, 11 педагог-сарапшы, 5 педагог-модератор біліктілік санаты бар педагогикалық ұжым балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етуде.
Мектеп, шәкірт. Осы екі сөзге жан бітіретін – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» деген нақылдың мәні терең. Ұстаз жылы сөзімен-ақ, айтқан ақылымен-ақ қаншама жанның жүрегінен орын алды. Бар білген-жиғанын шәкіртіне беріп, шексіз қайырымдылық жасайды. № 12 орта мектептің аға буын ұстаздары – орыс тілі пәнінің мұғалімі Махаббат Баяхметқызы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлжан Ақымжанқызы, бастауыш сынып мұғалімдері Салема Абдулаевна, Шаукен Сағатқызы ширек ғасырға жуық балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, мектептің жас буын ұстаздарының іс-тәжірибесін жетілдіруіне ерекше мән беріп келеді.
Мұғалімдер түрлі байқауларға қатысып шеберліктерін шыңдап, өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Атап айтсақ, математика пәнінің мұғалімі Алмабек Мэлсұлы «әдістемелік шеберхана» байқауында 3-орын, «инновациялық сабақ» байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлім Койшыбайқызы 1-орын, физика пәнінің мұғалімі Бибігүл Сейтжапарқызы, химия пәнінің мұғалімі Нұргүл Сатыпалдықызы 3-орын, «Идеялар фестивалі» байқауында бастауыш сынып мұғалімі Гүлзира Смағұлқызы 1-орынды жеңіп алды.
«Ұстаздың еңбегі шәкірттің жетістігімен көрінеді» дегендей, оқушыларымыздың да жетістіктері мақтанарлықтай. Пәндік олимпиададан 9-сынып оқушысы Расул Нурмухамбетов, Аружан Мырзахан, Гаухар Бекжанова, 10-сынып оқушысы Сматай Бекболат жүлделі орындарға ие болса, көптеген оқушы қашықтан өткізіліп жатқан жарыстардың жеңімпаздары атануда.
№12 орта мектебінің ұжымы әрқашан баланың жан-жақты білім алып, өмірден өз орнын табуы үшін аянбай еңбек ететін болады.
Боранбай ЕРҚАЛЫМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Көксу ауданы





