Облыста дүниежүзілік «World Clean Up Day» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты аялауға, туған өлкенің тазалығына үлес қосуға бағытталған бұл шараға 13 мыңнан астам өңір тұрғыны белсене атсалысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мекемелер мен кәсіпорын өкілдері, еріктілер және қарапайым тұрғындар бар.
Талдықорған қаласында өткен сенбілікке түрлі ұйымдар ұйымшылдықпен қатысып, өздерінің табиғатқа жанашырлық көзқарасын танытты. Соның бірі – қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкері Ақниет Кегенбекова :
– Бұл шараның мәні өте зор. Әрбіріміз қаламыздың көркеюі мен тазалығы үшін жауаптымыз. Сондықтан осындай игі іске барынша үлес қосуымыз қажет. Бүгінгі сенбілікке біздің бөлімнен 20 қызметкер келіп, өз қолдарымен еңбек етуде, – дейді.
Сондай-ақ, жас ұрпаққа тәрбие беретін білім және спорт ұйымдары да сенбіліктен қалыс қалған жоқ. №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы да белсенділік танытты.
– Қоршаған орта – баршамыздың ортақ үйіміз. Оның таза әрі көркем болуы әр азаматтың парызы. Біздің мектептен оннан астам қызметкер сенбілікке қатысып жатыр. Табиғатқа жанашырлық таныту – болашаққа жасалған қамқорлық, – дейді мектеп қызметкері Ельзира Байкенжинова.
Жалпыоблыстық сенбілік барысында қала көшелері, саябақтар мен аулалар, өзен-көл жағалаулары тазартылып, қоқыстар арнайы орындарға шығарылды.
Бұл шара тек тазалықты қамтамасыз етумен шектелмей, қоғамды бірлікке үндегені де айқын байқалды. Жетісулықтар табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілікті іспен дәлелдеп, ортақ іске жұмыла білді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





