Қазір қол қусырып бекер жатқан шаруа адамы жоқ. Бәрі ауыл халқына тән тынымсыз тірлік үстінде. Мал саны жағынан өңірдегі алдыңғы қатарлы ауданның еңбеккерлері қысқа қажетті жемшөбін қамдаудың қарбаласында. Жаңбырлы жаздың ашық күндерін олар барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысады.
Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мәдіғұловтың айтуынша, жамбылдықтар биыл бір жарым жылдық шөп қорын дайындауды межелеп отыр. Нақты дерекпен дәйектей түссек, бұл – 137 200 тонна шөп, 12 900 тонна сабан, 10 мың тонна сүрлем, 26 600 тонна жем. Көктен мол жауын жауған биылғы берекелі жылда бұған қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Қажетті техника жеткілікті. Алайда аяқ астынан дауылдатып, нөсерлетіп өтетін ауа райының қолайсыз сәтінің жиілеуі шөп шабысқа кедергі келтіріп тұр. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін 20 мың тоннадан аса шөп жиналды. Науқанды «Ақтерек», «Ынтымақ», «Р-Күрті», «Светлана» сияқты шаруа қожалықтары жоғары деңгейде атқаруда.
Сондай еңбек ұжымының бірі Ұзынағаш ауылы маңындағы жоңышқа алқабында еңбек көрігін қыздырып жатқан «Еламан» кәсіпорнының жұмысшылары. Механизаторлар Нығмет Айнақұлов, Ақыл Құрбанқұлов, Дәурен Бәйтерековтың шауып, тырмалап, тайлаған шөбін Бауыржан мен Думан жүк көлігіне алып беріп, Бақытжан қаттап жинауда (суретте). Техниканың сынған бөлшегін жөндеу слесарь Құрбан Нұрметовтың міндеті. Жұмысты ұйымдастырушы Аян есімді азамат олардың іске жұмыла кіріскенін айтады.
С. ӘШІМБЕКҰЛЫ.
Жамбыл аудан





