Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерін таныстырып, алға межеленген жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, аймақтағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сұрақтарына жауап беріп, түйіні тарқамаған біраз мәселені шешудің жолын көрсетті.
– Жұмыс жоспарына сәйкес Жетісу облысындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен арнайы кездесуге келдік. Мұндағы басты мақсатымыз – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру, алдағы жоспарлармен бөлісу. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің проблемалық мәселелерін зерттеп, оларды шешудің жолдарын қарастыру. Бүгін шаруашылық иелерімен кездесіп, ой-пікірін білуді жоспарладық, – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы.
Сапар барысында ол бірқатар шаруа қожалықтарын, тауарлы-сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын аралап, ветеринар мамандарымен және шаруашылық саласының өкілдерімен кездесті.
– Жалпы, Жетісу облысы аграрлық аймақ саналады. Тіпті осы саланы дамытып отырған облыстардың ішінде даму қарқыны жоғары деп есептейміз. Бұл бағытта тек қана егіншілік, мал шаруашылығы, қайта өңдеу саласы жақсы даму көрсеткішін көрсетуде. Бүгінгі таңда облыста шетелдік бірнеше трансұлттық компаниямен бірлескен жоба іске асырылуда. Сондай жобалардың бірқатарымен таныстық, – деді астаналық қонақ.
Елордадан келген қонақ жетісулықтармен Көксу ауданы әкімдігінің жиынжайында кездесті. Салтанатты жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев, Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов, тағы бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Өз кезегінде жетісулық ауыл шаруашылық тауар өндірушілері агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, субсидиялау мәселелері, сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы құрылғыларын шығаратын зауыттар салу жайын сөз етті. «Жалайыр» шаруа қожалығының басшысы Ескендір Жайлығұлов, Панфилов ауданының тұрғыны Ерболат Дәркенбеков жүн мен тері, жүгеріні қайта өңдеуге қатысты туындап отырған қиындықтарды алға тартты.
– Біз ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастырып келеміз. Шаруаларды қолдау, инфрақұрылымды дамыту және техниканы жаңғырту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Жетісулық шаруалардың бетпе-бет келіп отырған қиындығынан Ауыл шаруашылығы министрінің де хабары бар. Қазір соны жою жұмыстары қолға алынуда, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Әрине, шаруалардың мұңы да жетерлік. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бағытталған ірі жобалар қолға алынып, саланың дамуына қан жүгіртті. Сол қатарда өткен жылы Талдықорған индустриалды аймағында тамшылатып суаратын құрылғылар шығаратын зауыт құрылысы салынып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл шаруалардың талай қиындығын шешуге ықпал ететін болады.





