«Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ домбыра!» деген қанатты сөз бар. Қастерлі де киелі қоңыр домбыра шаңырақтың сәні мен әрі. Күмбірлете, екпіндете күй толғағанда кең-байтақ жерімізді, бар дүниемізді көз алдымызға келтіретін қоңыр домбыра шын мәнінде қанымыз, жанымыз іспетті. Әрдайым жаныңды жадыратып, көңіліңді албыратып, жүрегіңді шуақты күйіне бөлеп жататын домбыраны серік еткен, шәкірттерін домбыраға баулып жүрген жандардан айналайық! Сондай жандардың бірі – Құрманғали Абдрахманов.
Қолына қастерлеп қоңыр домбырасын ұстаған Құрманғали Смайылұлы өткен жылғы желтоқсан айында 60 жасқа келді. Мерейлі жасын аудан өнерінің өркендеуіне қосқан айтулы еңбектерімен аттады. Кеген ауылының тұрғыны, өнердің өз адамы. Кеген ауылындағы Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің, Қаскелең қаласындағы өз тұсындағы мәдени-ағарту училищесінің түлегі. Бауыры Құрманжан өз тұсында Кеген халық театрында еңбек етіпті. Сол кезде қара шаңырақтарында Нағима Таласбаева, Тұрғын Мұқажанов, Бақыт Сәлімбаева, тағы да басқа өнер иелері қонақта болып, домбыра тартып, ән айтып, отырған жерлерін думандатып кетеді екен. Міне, сол кезден бастап домбыраға әуес болды. Мұны жоғарыдағы өнер тарландарының шынайы шарапаты десек, артық айтпағандық. 5-сыныпта оқып жүрген кезінен қоңыр домбыраны меңгерді. Қосыла ән айтатын дәрежеге жетті. Сол арқылы мектептегі өнерлі топтың ішінде жүрді. Ауылдағы Мәдениет үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінің балғын мүшелерінің біріне айналды. Сол өнерлі жандардың ішінде жүріп шеберлігін арттырғанын ұмытпайды. Құрманғали Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесін хор жетекшісі мамандығы бойынша бітіріп келгеннен кейін Қарқара ауылдық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып жұмыс істеді.
1984 жыл Кеген ауданына жағымды жаңалығын ала келді. Кеген ауылынан балалар өнер мектебі ашылды. Алғашқы директоры Серік Оспановтай азамат еді. Құрманғали аталған өнер мектебіне орналасып еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиевтың сол өнер мектебінде алғашқы ұстаздарының бірі болғанын қуана әңгімелейді. Ұлбосын Қашағанова, Қаракөз Бірімбаева, Жұпаркүл, Тілеухан секілді әріптестерін ұмытқан емес. Кейін арнаулы оқу орындарын бітіріп келген Сержант Жетпісбай, Омар Бөтеев секілді өнерлі азаматтар өнер мектебінде еңбек етіп, ауыртпалығын көтерісті. Сол тұста өнер мектебі жаңа деңгейге көтеріліп, жұмысы жандана түсті. Құрманғали домбыра класынан дәрісін беріп жүрді. Өнер мектебі жабылып қалған тұста №3 Кеген орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі, «Балбөбек» балабақшасында музыкант болып жұмыс істеді. Қарқара орта мектебінде мамандығы бойынша қызмет етті. Соның бәрінде ұлтымыздың болмысы, көркі мен ажары, мәні мен маңызы іспетті қоңыр домбырасын қастерлей ұстап, лайықты дәріптей жүрді.
2015 жыл Кеген өңірі үшін жаман болған жоқ. Облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың тікелей қолдауымен Кеген өнер мектебінің оты қайтадан жанды. Тамырына қан жүгірді. Ауылдағы ел мен жұрттың біраз жылдан бері айтып келе жатқан ұсыныс-тілектері орындалды. Өнерге ықыласты, талаптары таудай шәкірттердің қуанышында шек болған жоқ. Бұл жағымды жаңалық Құрманғалидың да көңілін өсіріп, қуанышын тасыта түсті. Өнер мектебіндегі сүйікті ісіне қайта оралды.
Міне, жүйрік уақытта тоқтау бар ма, содан бері 5 жыл өте шығыпты. Құрманғали Кеген балалар өнер мектебінде шәкірттеріне домбырадан дәріс беріп келеді. Домбыра класында 15 оқушы бар. Қоңыр домбырасын жанындай жақсы көретін Құрманғали шәкірттеріне шертпе күйлерді үйретуде. Оның ішінде Тәттімбеттің «Сылқылдақ», «Көкейкесті», Секен Тұрысбектің «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» секілді күйлер бар. Ықыласты шәкірттеріне қазақтың төкпе күйлерін де үйретіп жатады. Бұл ретте Құрманғазының «Балбырауынын», «Боз шолағын», «Кісен ашқанын» айтуға болады. Құрманғалидың домбырашы шәкірттері Дәулеткерейдің «Құдаша», «Жеңгем сүйер» атты күйлерін, «Келіншек», «Тепең көк» секілді халық күйлерін жақсы меңгеріп алған. Гүлназ Жұмашева басқаратын Кеген өнер мектебінің жанында оқушылардан құралған домбырашылар оркестрі бар. Оған негіз қалаған Құрманғалидай өнер иесі.
– Өнер мектебінің қайта ашылғаны жақсы болды. Бұл үшін әрдайым облысымыздың әкімі Амандық Ғаббасұлының атына алғысымызды айтып отырамыз. Өнер мектебінің Жалаңаш ауылында, Бөлексаз бен Тасашы секілді бірнеше ауылдарда филиалдары жұмыс істейді. Жалпы, екі жүзден аса дарынды бала домбыра, ән, би, сурет, мүсін, эстрада, фортепиано секілді өнердің сан түрі бойынша қосымша білім алып, бойындағы талаптары мен қабілетін ұштап келеді. Өнер мектебіне деген ата-аналардың да алғысы шексіз. Осының бәрі бойымызға қуат береді. Әр күнгі ісімізге деген ықыласымызды арттыра түседі, – дейді домбыра класының оқытушысы Құрманғали Абдрахманов.
Құрманғали Кеген өнер мектебі директорының орынбасарлары Омар Бөтеевтың, Света Абуқызының, шәкірттеріне түрлі өнер түрінен дәріс беріп келе жатқан Еркебұлан Қасымовтың, Анар Молдабаеваның, Динара Тәжікбаеваның, Шәмші Омарұлының, Мұқаметқали Әшімбаевтың есімдерін орнымен атайды.
Қоңыр домбырасын аялай ұстап, лайықты дәріптеп жүрген Құрманғалидың еңбегі елеусіз емес. 2017 жылы Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Лидер образования» атты медаліне ие болды. Абайдің 175 жылдығына, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай республикалық «MEDIA BILIM» журналының және «Өрлеу» порталының Алғыс хатымен марапатталды. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби» атты байқауға қатысып, шығармашылық тәжірибе алмасқаны үшін сертификат тапсырылды. Одан бөлек, «Атадан мұра» қорының өткен жылғы Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған республикалық «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты онлайн шығармашылық байқауына үздік шәкірт дайындағаны үшін дипломмен марапатталды. Тәуелсіздігіміздің 29 жылдығына орай республикалық «Дара бала» журналының қолдауымен өткізілген байқауға өз қатарының алды, білімді, дарынды, ұшқыр ойлы шәкірттер тәрбиелегені үшін де дипломға ие болып, мерейін тасытты. Аудан әкімінің Құрмет грамотасы да шаңырағының төрінде тұр.
Құрманғали зайыбы Зияш Бөрібайқызы екеуі ауылдағы өнегелі шаңырақ иелері. Мынау жарық дүниеге 2 ұл, 2 қыз әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп, қанаттандыруда. Екі келін түсіріп, бір қызын ұзатты. Думан, Медеттей ұлдары, Жаннадай қыздары бір-бір шаңырақ. Әулеттің қос бәйтерегі 3 немерелі, 3 жиенді болып, қуаныштарын тасыта түскен жайлары бар. Жансаядай кенже қызы 11-сыныпта оқып жүр.
Үйінен асыға шыққан Құрманғали өнер мектебіне қарай бет алып барады. Оны күтіп отырған, домбыраны жақсы көретін шәкірттері бар. Дарынды ұл мен қыздардың талабы ұшталып келе жатқанына қуанып, әрбір шығарманы, күйді меңгерген сайын бір көтеріліп, жанын жадырата түсетіні бар. Ол қазағының қоңыр домбырасын серік еткісі келетін жас ұрпақты көрген сайын жүрегін жұбандырады. Күмбір де күмбір күй толғар қоңыр домбырасы бар жерде рухымыздың мықты, мерейіміздің үстем, мәртебеміздің биік болатынына шынайы сенеді. Қазағының қоңыр домбырасын аялап жүрген, жас ұрпаққа ұлағаттап жүрген Құрманғалидың деніне саулық, ісіне жеміс, шаңырағына шаттық тіледік!
Қанат БІРЖАНСАЛ





