Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәжілісін өткізді. Брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауы аясында Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Бюджетке түсімдер 1997 жылғы 11 млрд. теңгеден 742 млрд. теңгеге дейін өсті. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн. теңге инвестиция салынды. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Соның арқасында «Кока-Кола», «RG BRANDS», «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», «Danone», «Адал», «Кнауф-Гипс», «АлаЦем», «Эффес» сияқты ірі брендтік кәсіпорындар пайда болды.
Трансұлттық компаниялардың республика бойынша 19 жобасының ішінде жалпы инвестиция сомасы 290 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба біздің облыста іске асырылуда. Олардың ішінде төрт жоба («Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo», «Фуд Миллс») іске асырылды, олардың барлығы жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған.
Бүгінгі күні біз өңдеу өнеркәсібі облыс экономикасын дамытудың локомотиві деп толық сеніммен айта аламыз, бұл саладағы өсім 14,3 пайызды құрады. Биыл біз Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының аясында пандемиядан кейін экономиканың өсуін қалпына келтіру, инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз.
Қабылданған шаралардың арқасында 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілді, – деген Амандық Ғаббасұлы ары қарай облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын баян етті.
Облыс әкімінің сөзіне жүгінсек, биыл өңдеу өнеркәсібінде қуаты 1,2 млн. тонна, инвестиция көлемі 47 млрд. теңге «Алацем» цемент зауыты іске қосылған. Сондай-ақ, «Pure Pack» алкогольсіз сусындар шығаратын зауыты жұмысын бастаған. Жыл соңына дейін «Frosco» жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру және терең мұздату кәсіпорнын, «Алюгал» және «Азия темір ЛТД» (10 мың тонна) құрылыс материалдарын өндіретін екі зауытты іске қосу жоспарлануда.
Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 300 млрд. теңгеден асып, шикізаттық емес экспорт 6 пайыз өсіммен 392 млн. АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.

Ауылшаруашылығы дақылдары алқабы 972 мың гектарға жеткізілген, оның ішінде қант қызылшасы16 мың, жүгері 95 мың, картоп 40 мың гектардан асқан.
– Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз. Ол үшін жалпы өңдеу қуаты жылына 1 млн. 100 мың тоннаға Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жоспарлануда. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы Елбасының және Президенттің 2019 жылғы Жолдауындағы тапсырмалары аясында облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарлануда.
Соңғы үш жылда айналымға 39 мың гектар бұрын шығып қалған суармалы жер тартылған. Ағымдағы жылы 14 мың гектарды қалпына келтіру үшін 6,3 млрд. теңгеге ирригациялық құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Ислам даму банкі есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Мал қыстауы үшін облыс жемшөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн. тонна азық дайындалған. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілді, – деді әкім.
Агроөнеркәсіпті дамытуда да айтарлықтай істер атқарылған. Әкім баяндамасында тоқталып өткеніндей, өңірде барлығы 117 мал бордақылау алаңы және 84 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттары 85 пайызға жеткен.
Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25 пайыз өсіп, 97 млн. АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құраған. Жыл соңына қарай ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады деп болжануда.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйегінде Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешені іске асырылуда. Тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген, жалпы сомасы 3,7 млрд. теңгені құрайды. Оның 3 млрд. теңгесі 0,01 пайызбен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеуге және 700 млн. теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталған. Бағаны ұстап тұру мәселесі басымдыққа ие болып, қатаң бақылауға алынған.
Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бүгінде 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 269 мың адам жұмыспен қамтылған. 9 айда бюджетке 144 млрд. теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық.
Қолданыстағы бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам кәсіпкерге 26 млрд. теңге сомаға қолдау көрсетілген. Жыл қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 2 трлн. теңгеге жетеді, ал олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3-ке ұлғаяды. Осылайша, Мемлекет басшысының бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы келер жылы орындалады.
Құрылыс саласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 1 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде 835,4 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. 1824 пәтерлі 271 тұрғын үй салынуда, оның ішінде 741 пәтерлік 121 тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс ұйымдары 952 пәтерлік 13 үйді іске қосты.
Бүгінгі таңда 1307 отбасы пәтер алған, оның 327-сі көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар.
Облыста орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі республика бойынша жоғары көрсеткіштің бірі болып табылады және 98,3 пайызды құрайды. Биыл 99,5 пайызға жеткізу көзделген.
Сұрақ-жауап
Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне оффлайн және онлайн форматта сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Алғашқы болып ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен Маржан Бақытқызы сауалдар жолдады.
– Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы Алматы облысы үшін не берді? 30 жылдықта ауыз толтырып айтатын қандай жетістіктеріңіз бар?
– Жетістіктеріміз өте көп. Елбасы бастамалары мен бағдарламаларының арқасында, Мемлекет басшысының сол істі жандандырып, жалғастыруының нәтижесінде көптеген шаруа атқарылды. Атап айтар болсақ, осы 30 жылдықтың ішінде жолдар жасалып, ауызсу құбырлары тартылды, мектептер, ауруханалар салынды. Өткен жылдың өзінде 60000 жұмыс орнын аштық. Көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты. Алматы облысы аграрлық өңір, осы бағытта да бірқатар істер атқарылды.
Талдықорған облыс орталығы болғанға дейін жылу, жарық, ыстық су, суық су болмай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Халықтың саны 98 мыңнан 200 мыңға жетіп, қазір заманауи қалаға айналды.
– 19 миллионыншы тұрғынның Алматы облысында дүниеге келгенін білеміз. Халық санының артуымен үй кезегіне тұратындар қатарының көбеюі, үшауысымды мектептер мәселесі туындайтыны рас. Бұл сұрақтар қалай шешімін табуда?
– Біз халық тығыз қоныстанған облысқа жатамыз. Халық санағына дейін облыс тұрғындарының саны 1 млн. 100 мыңды құрады. Жыл сайын жаңа мектептер салып, үшауысымдық мәселесін жоюға тырысқанымызбен халық санының жыл сайын артуына орай бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай жатыр. Бір жылда 34 мектепті пайдалануға берген кезіміз де болған. Оның жартысы үшаусымды мектептер қатарын азайтуға бағытталды. Қазір біз бұл мәселенің алдын алу үшін мектептерді бұрынғыдай 1200 орынға емес, 1500 балаға лайықтап салып жатырмыз. Оған екі нәрсе әсер етуде. Біріншіден, бізде жыл сайын өмірге келетін балалардың саны өсіп, оқушылардың қатары 20 мыңға артуда. Екіншіден, ішкі көшіп-қону нәтижесінде Алматы аймағындағы аудандарда тұрғындардың қатары көбеюде.
Пәтер кезегінде тұрған 54 мың тұрғын бар. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын 1 млн. шаршы метр пайдалануға берсек, кем дегенде соның 250-300 шаршы метрін үй кезегінде тұрғандар үшін саламыз. Осылайша бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Оған жыл сайын кезек бойынша үй алып жатқандар қатарының артуы дәлел.
Айжан Жайлаубаева, «Литер КZ» журналисі:
– Талдықорғанда газ арқылы жүретін жаңа автобустардың қолданысқа берілгені белгілі. Бұл арқылы қалалық автопарктің мәселесі түбегейлі шешілді ме?
– Сатып алынған 55 автобус бұл мәселені толықтай шеше алмайды. Бірақ, жыл сайын жаңа автобустар алу арқылы бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Мен облысқа әкім болған кезден Талдықорған қаласында әдемі автобустар жүргенін қаладым. Қазір Талдықорған халқы 200 мыңға жеткен жаңа, әсем қала. Онда жүретін автобустар да осы деңгейге сай болу керек.
– Өткен брифингте туризмді дамыту бағытында Үшарал әуежайы «Боинг» сынды үлкен ұшақтарды қабылдайтын болады деп айтып едіңіз. Қазір әуежайға қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді ме?
– Бұл тұрғыда Үкімет енді ғана қолдау көрсете бастады. Біз жобалау-сметалық құжаттарын әзірледік. Қазір Алакөлді дамыту жұмысы Көктұма, Ақши ауылдары тұсында жақсы жүргізіліп жатыр. Үшаралға біз жаңа терминал қойдық, Бірақ ұшып-қону алаңы шетелдік компаниялар мен «Боинг» сынды ұшақтарды қабылдауға әлі дайын емес. Бізге қаржының алғашқы бөлігі 4,7 миллион теңге бөлінді. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Келер жылы шомылу маусымы ашылғанға дейін бұл жұмысты аяқтасақ деген жоспарымыз бар. Қазір Үшаралға Астанадан ұшақтар қатынайды. Ресейдің Омск, Томск, Новосибирск өлкелерінен де ұшақпен ұшып келіп демалып қайту мүмкіндігі жасалса деген ұсыныстар түсіп жатыр. Біз әуежайдың халықаралық талапқа сай болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз.
Максим Григорьев, «СТВ» телеарнасының тілшісі:
– Сіз баяндамаңызда Алматы облысы трансұлттық компаниялардың жобаларын жүзеге асыратынын айттыңыз. Өңірдің одан басқа да қандай жоспарлары бар?
– Біздің облысымызда 1,3 млн. бас ірі қара мал, 4,5 млн. бас қой-ешкі бар. Бірақ, сапалы қайта өңдеу ісін өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отырмыз. Қазір жүз жылдық тарихы бар «Бауман» атты неміс компаниясымен жұмыс жасап, «Жетісуқой» атты бірлескен кәсіпорын аштық. Біз оларға жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргіздік. Жоба аяқталуға жақын, сараптамадан өткен соң жұмыс басталады. Ол арқылы шикізатты емес, өндірілген өнімді Қазақстан атынан экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Бізде ет өңделеді, бірақ шетелге шығару талабына сай келмейді. Сондықтан да ет өңдеуде жүз жылдық тарихы бар «Бауман» компаниясының тәжірибесін меңгеру қажеттігі туындап тұр. Сондай-ақ, балық өңдеу мақсатында «Арна» индустриялық аймағында 67 млн. теңгелік зауыт құрылысын бастадық. Онда өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортталатын болады. Бұдан басқа да осы сынды бірқатар жобаларымыз бар.
Айнұр Қапышева, «СТВ» арнасының тілшісі:
– Талдықорғанда олимпиадалық жүзу бассейні ашылды. Оған қарапайым халық бара ала ма? Оның қызметі тұрғындарға қолжетімді ме?
– Азияда теңдесі жоқ деген баға берілген бассейнімізде бүгінгі таңда 1200-дей бала жаттығады. Қарапайым халыққа да қолжетімді болсын деген мақсатта кешкі 6-дан түнгі сағат 10-ға дейін суда жүзіп, жаттығуға мүмкіндік жасалған. Кез-келген адам отбасымен немесе жеке өзі келіп бір күндік немесе бір айлық абонемент алып суға түсе алады. Шындығында бассейніміз өте жақсы, болашақта осы жерден Олимпиада чемпиондары шығады деп ойлаймыз.
Шерхан Жамбылұлы, «Қазақстан» Ұлттық арнасының журналисі:
– Алматы облысында ауылшаруашылығымен айналысатын нысандарды техникамен қамту көрсеткіші жоғары екенін білеміз. Алдағы уақытта сервистік дамыту орталықтарын қай бағытта құрасыздар? Сондай-ақ, Президент су шығыны көп өндірістерден арылуымыз керек екенін айтқан еді. Облыста күріш өсіру алқабының су шығыны қаншаға азайды? Сіз өткен жылы күріш өсіру алқабын жаңғыртамыз деп едіңіз. Оған қажеттілік бар ма?
– Қызылша, жүгері, картопты қалпына келтіруді қолға алғанымызда жеке шаруа қожалықтарын заманауи үлгідегі техникамен қамтимыз деп уәде бергенбіз. Оған 11 миллиардтан астам қаржы бөліп, техникаларды лизингке алып бердік. Жалпы екі сервистік орталық ашу ойымызда бар, ол үшін өткен сессияда қаржы бөлу мәселесі қаралды.
Екінші сауалға келер болсақ, Балқаш ауданында Кеңес Одағы кезінде 10 мың гектар жерге күріш егілетін. Қазір су жетпеу салдарынан оның көлемі 7-8 мың гектарға азайған. Содан маған су жүйелерін тазаласақ су көп келген соң егістік көлемі көбейеді деген ұсыныс айтылған. Соған орай күріш алқабын кеңейтуді қолға алудамыз, демек оны азайтпаймыз. Ал, Қаратал ауданында 2-3 мың гектар күріш алқабы бар. Оны қызылша алқаптарымен алмастырып жатырмыз.
Айнұр Мұхади, «Stan.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі:
– Облыста орналасқан Алакөл жағалауы қарқынды дамуда, Десек те, Балқаш жағалауы туристерді қабылдауға дайын емес. Не себепті Балқаш көлінде туризм дамытылмайды?
– Балқаш жағалауын дамыту бойынша бас жоба жасалды. Республикалық бюджеттен қаржы сұрап, жергілікті бюджеттен де бөліп, 140 шақырым жолды Талдықорғаннан Лепсіге, одан көлдің жағалауына дейін жөндеп жатырмыз. Алакөл сынды демалыс аймағынан еш кем түспейтіндей етіп Балқашты да жасаймыз.
Арайлым Сербаева, «Менің қалам» ақпараттық агенттігінің тілшісі:
– Алматы облысында көмірдің жетіспеушілігі мәселесі орын алуда. Осы жағдайға түсіндірме бере кетсеңіз.
– Көмір тапшылығы мәселесі бізде жоқ. Бұл мәселені мен әрдайым өз бақылауымда ұстаймын. Сәуір айында жылыту маусымы қалай аяқталса, ертесінде-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты бастаймыз. Өйткені, бізде мектеп, балабақша, ауруханалардың бірі сұйық отынмен, бірі қатты отынмен жылытылады. Олардың мәселесін ерте бастан ойлап, қамданбаса қапы қалатынымыз анық. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы, арзан көмірмен қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсатта 77 тұйық бар. Компаниялармен көмірді жеткізу бойынша алдын-ала келісімшарттарға отырғанбыз.
Қазіргі таңда 1700 тонна көмір жеткізілді. Халық үшін қажетті көмірдің 70 пайызы әкелінді. Ал, мектептер мен ауруханаларға 2-3 айға жететін көмірді алдын ала жеткіземіз. Сондықтан облысымызда көмірге қатысты айтарлықтай үлкен мәселе жоқ.
Қарлыға Түменбай, «Информбюро KZ» тілшісі:
– Қоқыс жағатын зауыттар қай жерде салынады? Бұған дейін Қарасай ауданының Әйтей ауылында салынады делінген еді.
– Испания мемлекетімен бірігіп Іле және Қарасай аудандарында қоқыс жағатын зауыт салсақ деген жоспарымыз бар. Бірі республикалық, бірі облыстық бюджеттен қаржыландырылатын болады.
Рауан Мыңбаев, «Хабар 24» арнасының тілшісі:
– Өңірді газдандыру 61 пайызға жетеқабыл дедіңіз. Алыс ауылдарға көгілдір отынды жеткізуді қашанға жоспарлап отырсыздар? Көгілдір отынды қандай көздерден аласыздар?
– Ең алыс Балқаш ауданының өзіне бүгінде газ құбыры тартылып жатыр. Бізде барлығы 20 аудан, қала бар. Оның 15-іне газ жеткізілді. Ендігі кезекте Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ магистралін тартуға жоба жасап қойдық. Келер жылы Үкіметтен қаржы сұраймыз. Одан ары Кеген және Нарынқол аудандарына тартылады. Бізге газ Бейнеуден келеді, өзіміздің отандық газ.
Ирина ПАНФИЛОВА, «Хабар» телеарнасының тілшісі:
– Сіздердің өңірде 1 миллион доза «KazVak» вакцинасы шығарылатыны туралы айтылған еді. Бұл іс жүзеге асырылды ма?
– Бұл біздің жеке бастамамыз. Қазір халықаралық сертификат алу үшін вакцинаны сараптамаға жібердік. Егер сертификат алсақ, 1 млн. доза вакцина шығарамыз.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қапал- Арасан» шипажайының жағдайы аянышты күйде еді. Қазіргі жай-күйі қалай? Өзгеріс бар ма?
– Өзгеріс жоқ. Өйткені, ол жекеменшік қолда, оның үстіне банкте кепілдікте тұр. Біз оны сатып алып, қайта жөндеп, ардагерлердің демалыс орнына айналдырмақшы болдық. Жуырда бір бизнесмен ол жерді сатып алып, халықаралық деңгейдегі демалыс орнына айналдырсам деген ұсынысын айтты. Біз оны қолдадық. Шипажайды қалпына келтіру үшін қолдан келетін көмекті көрсетуге дайынбыз. Мәселен, жолын жасап береміз. Осылайша екі жақтап бұл істі қолға аламыз деп ойлаймын. Биыл толықтай шипажайды сатып алса, келер жылы құрылыс жұмысы басталуы мүмкін. Шипажай ашылса, біз олардан жолдамалар сатып алып, ардагерлерді сауықтыратын боламыз.
Бұдан ары облыс басшысы халық үшін аса маңызды болып табылатын газдандыру мәселесі жайына тоқталды.
Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы біз облыс халқының 59 пайызының (1,2 млн. адам) газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік, ағымдағы жылы тағы 13 елді мекенді қосу арқылы көрсеткіш 61 пайызға жететін болады. Сондай-ақ, өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылды, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылуда.

Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінді.
Жылдан жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді, ағымдағы жылы облыстық маңызы бар 316 шақырым жол және 154 елді мекеннің кентішілік жолдары жөнделді, оған 47,3 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдар үлесі 89 пайызға жетеді.
Экономикадағы тұрақты өсу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге (4,8%) мүмкіндік берді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы белсенді жұмыспен қамту шараларымен 60 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қамтылды. Әлеуметтік көмекті жалпы сомасы 10,3 млрд. теңгеге 251 мың адам алды.
«Nur Otan» партиясының 2021–2025 жылдардағы сайлауалды бағдарламасы аясында үш ауысымда оқытатын және бейімделген мектептердің орнына біз 115 мектеп салуға тиіспіз.
Биылға жоспарланған 17 мектептің 12-сі іске қосылды, оның алтауы жекеменшік мектеп. Жыл соңына дейін тағы бес мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа 137 мектепті жаңғырту жүргізілуде, оған 11,3 млрд. теңге көзделген.
Жыл басынан бері 9590 орынды 135 балабақша ашылды. 3–6 жастағы балаларды қамту бойынша жоспарланған көрсеткіш – 99,9 пайызға қол жеткізу мақсатында мемлекеттік тапсырысқа қосымша 2,5 млрд. теңге қарастырылды. Жалпы, облыс бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі 42,5 млрд. теңгені құрайды, оның 34,3 млрд. теңгесі жергілікті бюджет қаражаты. 2022 жылы қамту 100 пайызға жеткізіледі.
Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы үш ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды, барлығы жеті нысан салынуда. Дәрігерлер тапшылығын жою үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі шешілуде. Жыл басынан бері оларға 127 пәтер берілді, жыл соңына дейін тағы 64 дәрігер баспана алады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында төрт ауылдық Мәдениет үйі жөнделді, үш саябақ ашылды, Талдықорған мен Үштөбе қалаларындағы скверлер абаттандырылды.
Спорт саласында облыс бойынша барлығы 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, оның ішінде биыл Балқаш және Райымбек аудандарында екеуі пайдалануға берілді. Тағы төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жүзу бассейні ашылды. Бүгінде мұнда 1126 бала жүзумен айналысады, қосымша тағы 2 мың бала қабылданады.
Бассейн құрылысы – бұл әлеуметтік нысандарды салу кезіндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жетістігінің көрнекі нәтижесі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,7 млрд. теңге бөлінді. Қосымша 250 бейнебақылау камерасы орнатылды, 154 қызметтік автокөлік сатып алынуда, тұрғын үймен біріктірілген төрт учаскелік полиция пункті салынды, 16 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды.
Облыс дамуының бүгінгі күнге көрсеткіштері осындай. Жыл соңына дейін барлық міндеттемелер орындалатын болады, – деді өз баяндамасында Амандық Ғаббасұлы.
Алма ЕСЕНБАЙ





