«Талдықорған қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырыс беруімен бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешені 50 көрерменге арналған. Нысанда көркем гимнастика, волейбол және баскетбол спортымен айналысатын жаттығу залдары бар. Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарына 977,3 млн. теңге, техникалық қадағалауға 23,3 млн. теңге, авторлық қадағалауға, 4,5 млн. теңге қаражат жұмсалады. Биылғы жылға дейін 530,3 млн. теңге игерілсе, осы жылы 205,1 млн. теңге қаражат бөлініп, 1 қазанға қарай 42,0 млн. теңге игерілген.
Құрылыс жұмыстары осы жылдың ақпан айында басталып, қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының жартысы бітті. Қазіргі кезде 1-қабаттағы бағаналар толық бетондалып, бірінші және екінші қабаттың жабын плиталары жасалды. Сонымен бірге, су жабдықтарымен де қамтылды. Таяуда кәріз жүйелері мен қайта толтыру жұмыстары аяқталып, 1-қабат кірпіштерінің бәрі толық қаланып бітеді. Жертөле қабырғаларының құрылысы да тамамдалған. Металл құрылымдары мен бағаналар да орнатылды. Кешен тұрғызу ісіне 40 шақты адам тартылып, 7 бірлік техника жұмылдырылған.
Бұған қоса аймақта 8 спорт нысанында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жатақхана, сондай-ақ, Алакөл ауданы, Лепсі ауылында жылыту қазандығы, Қабанбай ауылында 80 орынды спорт кешені, Қарабұлақ ауылында блокты-модульді спорт кешені, Қаратал ауданы Үштөбе, Алмалы, Қаражиде, Көкпекті ауылдарында блокты-модульді спорт кешендері мен Талдықорған қаласында аталған көркем гимнастикаға арналған нысан бар.
Биыл жеке инвестордың қаражаты есебінен Қаратал ауданы Кәлпе ауылында үстел теннисінің блокты-модульді кешені пайдалануға берілді. Тағы бес блокты-модульді спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар бұқаралық спортты дамытуға, көркем гимнастика және командалық спорт түрлері бойынша спортшыларды даярлау үшін қазіргі заман талабына сай жағдайлар жасауға, сондай-ақ, Талдықорған қаласы мен аймаққа қарасты өңірлердің тұрғындары үшін спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





