Ұстаз – жүрек жылуын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарытуы міндетті. Алдындағы қаракөздерге ата- анасындай мейірленіп, тәлім мен білімді олар қабылдай алатындай етіп жеткізіп беру. Ол нәзік жандылардың ғана қолынан келетін іс емес. Керек десеңіз, ер адам да бала көңілінен шыға алады.
Бастауыш сыныпқа жетекші болып, сабақ беріп жүр деген ер адамды сирек естиміз. Бірлікті Шабденов Талдықорғандағы №15 орта мектептің бастауыш сыныптарына сабақ та береді, сынып жетекшісі де болып қызмет етіп келеді. Ізденімпаз ұстаздың осы саладағы еңбек өтілі 35 жыл.
Ата-аналардың айтуынша, Бірлікті Шәрімбайұлы өте еңбекқор, талантты, жаңашылдықты жаны қалайтын жан-жақты мұғалім. Ол кісіге әке-шешесі балаларын жұмыс уақытынан тыс арнайы әкеліп оқытатындықтарын жасырмайды. Ұстаздан тәрбие алып шыққан шәкірттердің оқуға деген құлшынысы, білім алуға деген ынтасының артатынын айтады.
Бірлікті Шабденов «неге бастауыш сынып мұғалімі болуды таңдадыңыз?» деген сауалымызға салмақты жауап қайтарды.
– Мен 1982 жылы әскер қатарына алындым. Әскерде жүргенімде 7-қарашада еңбек ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге бірнеше адам келген еді. Соның ішінде атақты педагог Василий Александрович Сухомлинскийдің шәкірті келіп бізге сабақ берді. Бізге бастауыш сыныптардағы балалармен қалай жұмыс істеу керегі жөнінде дәріс өтті. Енді айтып жеткізу қиын, өте жоғары деңгейде өткен сабақ болды. Айтқан әсерлі әңгімесі менің санамда мәңгі қатталып қалды. Сол сәтте ішімнен «әскерден қайтқан соң міндетті түрде бастауыш сыныптың мұғалімі боламын» деген шешім қабылдадым. Сол арманыма 1991 жылы жеттім, – деді ол.
Білікті мұғалім бала тәрбиесінің басы-қасында ер адамның жүргені дұрыс деп санайды. Оның тәрбиесін көріп өскен жеткіншек осал болмайтынын, қиындыққа қарсы күресе алатын қабілеттері қалыптасатынын баяндайды.
Ұлағатты ұстаз өз ойын әлжуаз, қыз мінезді ер балалардың көбейіп кетпесі үшін жігіттер жағы мұғалім болудан тайсалмау керек деп түйіндеді. Біз де қадірлі педагогтің осы ойымен толықтай келісетінімізді айтып қоштастық.
Медет ЖҰМАБАЙ





