Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Тұрғын үй мәселесі және заңдастыру» тақырыбына арналған брифинг өтті. Өңірлік коммуникациялар алаңында Талдықорған қаласының әкімі Әсет МАСАБАЕВ пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті тергеу басқармасының бастығы Айдос ЖЕТПІСБАЕВ атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады.
Қала басшысының айтуынша, баспана жайы қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып тұр. Әсіресе, заңсыз берілген пәтерлер тұрғындарды мазалауда. Бірнеше жылдан бері біраз пәтердің ешқандай жалгерлік қаржысы төленбеген. Сонымен бірге азаматтардың мәртебесі де сұрыпталмаған. Бұған дейін заңсыз берілген пәтер саны 1026 болса, сегіз айдың ішінде 1218-ге көбейді. Оған себеп 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына берілген 60, көпбалалы аналарға берілген 72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының құжаты рәсімделмеген.
– 1218-дің 669 пәтері әлеуметтік осал топтарға берілген. Олардың 612-і ғана санатын растаған. Яғни көпбалалы аналар, 1-2-топ мүгедектері, мүгедек балаларды күтуші отбасылар, зейнеткерлер және Чернобыль апаты, Семей полигонында зардап шеккен азаматтар, қандастар, жалғызбасты аналар, жетімдер. Дәлелі бар, пәтерді кезекпен алып, тұрып жатқандардың құжаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтар арқылы санаты расталмаған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен заңсыз алынғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылуда, – деді Әсет Дүйсебекұлы.
Жетісу облысының прокуратурасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің тексеруі барысында бірнеше азаматтың кезегі қайтадан қалпына келтірілді. Олардың үй алуға деген құқығы толық сақталып отыр. 2005-2006 жылдары кезектен заңсыз түрде алынып тасталғандарға пәтер берілді. Ал басқа облысқа ауысып кеткен мемлекттік қызметшілердің пәтері мемлекет меншігіне қайтарылуда.
Қала әкімі Әсет Масабаев 357 пәтер бюджет пен мемлекет қызметкерлеріне берілгенін айтты. 357-нің 210 пәтері мемлекеттік мекемелердің теңгеріміне беріліп жатыр. Қалған 147-і бойынша тексеру амалдары жасалуда. Келешекте олардың санаттары анықталады.
– Көпбалалы аналарға берілген 40-тан аса пәтерді жалға беру дерегі анықталды. Біз оған таңғалдық. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде көбі үйлеріне көшіп келді. Мына бір қызық жағдайды да айтып кетейін. Кезекке тұрғандардың көбі Талдықорғанда болмайды. Тіркелген мекенжайына барсақ, ол үйде жоқ. Хабарлама жіберсек жауап келмейді. Сол кісілерді іздеуге 2-3 ай уақыт кетіп жатыр. Құқық қорғау органдарына жүгініп, оларды Ақсу, Алакөл, Қаратал секілді аудандардан кезіктірдік. Кезекте тұрғандықтан біз заң аясында пәтер беруге тиіспіз, – деген Әсет Дүйсебекұлы тағы бір қызық жайтты сөз етті. – Заң аясында кезекке балалары кәмелеттік жасқа толмаған көпбалалы аналар тұра алады. Алайда кәмелеттік жасқа толып кеткен, тіпті, балалары 30, 40 жастағылар да кезікті. Қызметкерлердің қателігінен олар осы уақытқа дейін кезекте тұрған. Қазір оларды кезектен алдық.
Жиында Айдос Бақытбекұлы 2013-2021 жылдар аралығында заңсыз берілген пәтерлерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексiнің 361-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатқаны айтылды. Күдікке ілінгендер Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері.
Жалпы, Талдықорған қаласында пәтер кезегінде 15 мыңнан астам азамат тұр. Осы уақытқа дейін себепсіз 1700 адам кезектен алынып қалыпты. Олардың 1333-і қайта кезекке қойылды. Алдағы уақытта қолға алынған ауқымды жұмыс жалғасын табады.
Мәулен ӘНЕРБАЙ