Талдықорған маңындағы арматура зауытында снаряд жарылып, үш адам зардап шекті. Бұл туралы «Жетісу» газетінің сайты «Еуразия» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарақат алған үш адам — кәсіпорын жұмыскерлері. Зардап шеккендерді дереу қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізіп, біреуіне шұғыл түрде күрделі ота жасалған.
— Бауырды тігіп, бүйректі алуға тура келді. Қазіргі жағдайы орташа ауыр. Екінші науқас, ол травма бөлімінде. Жағдайы қалыпты. Оған ешқандай ота жасалған жоқ, — дейді дәрігер -хирург Қуат Нұрланұлы.
Тағы бір зардап шеккен азамат дәрігерлік тексеруден кейін үйіне жіберілген. Қазір оқиға орнында саперлар тобы жұмыс істеуде. Олар жарылыстың мән-жайын анықтамақ. Ал, жарылысқа қатысты күштік құрылымдар ресми мәлімет бермеді деп хабарлайды телеарна.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





