Талдықорған қаласында «Тілдерді дамытудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы және алдағы міндеттер» атты тақырыпта жиын өтті.
Шараға аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшыларымен қатар «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдарының меңгерушілері қатысты.
Кіріспе сөзді облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев алып: «Ешқандай ұлт тілсіз өмір сүре алмайды. Ол – қатынас құралы, ең асыл құндылық. Сондықтан, әр ел өзінің тілінің күшеюіне, оның қолданыс аясының кеңеюіне бар күш-жігерін салғаны дұрыс. Қазақ тілі шешендік жағынан да, көсемдік жағынан да ешбір тілден кем емес. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі әлемдегі 6000 тілдің ішіндегі қолданылуы жағынан 70-орында, көркемдігі мен тіл байлығы жағынан алғашқы ондықтың қатарында», – деді.
Жиында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев «Тілдік ахуал және алдағы міндеттер» тақырыбында баяндама жасады. Биылғы атқарылған жұмыстарға тоқтала отырып, әлі де болса ақсап тұрған жақтарға көбірек көңіл бөлді.
Басқосуда «Тіл» орталығының атқарып жатқан жұмысы, жаңа әліпбиге көшу жөніндегі жұртшылықтың пікірі де сырт қалмады. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында іске асырылған шаруалар сөз болды.
Жиын соңында Ақан Жылқышыбайұлы түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген өңір басшыларына қатаң сын айтып, олқылықтарды толтыруға бір ай көлемінде уақыт берді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары әр аймақ, аудандарға және тіл басқармасына тапсырма беріп: «Әр қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі тиіс. Сонда ғана біз тілімізді, рухымызды, мемлекетімізді сақтайтын боламыз. Әрқайсымыздың мойнымызда, халықтың, мемлекеттің, Құдайдың алдында борышымыз бен міндетіміз тұр. Сондықтан, жұмыстарыңызды халыққа барынша ұнамды жүргізуге кеңес беремін», – деп қорытындылады.
Аймарал ОМАР





