1971 жылы Көпбірлік ауылы, Киров атындағы орта мектебін тамамдаған түлектер жаздың жайма-шуақ айында 50 жылдық кездесу өткізді.
Алтын ұядан жарты ғасыр бұрын 42 бала түлеп ұшқан еді. Өкінішке қарай, оның 18-і өмірден озыпты. Мерейтойлық кездесуге мектеп партасында бірге отырған құрдастармен қатар өмірден озған сыныптастарының жары, ұл-қыздары келіп қатысты. Талдықорғанға жиналған түлектер әуелі қалалық мешітке барып өмірден озған сыныптастарына Құран бағыштады.
Мектеп бітіріп, жан-жаққа кетсе де кластастар бір-бірінен хабар үзбепті. Ақжаулықты ана атанып, ел ағасы болған жандар кездесу барысында жастық шақтарын сағынышпен еске алды. Бүгінде әрқайсысы әртүрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері қатарына қосылған. Әлі күнге дейін әзіл-қалжыңы жарасып, сыйластығы ажырамаған құрдастар басқосу барысында мектеп кезіндегі қызықтарын айтып, арқа-жарқа әңгімелесті.
Жиында түлектердің басын қосып, кездесуді ұйымдастырған Байшегір ауылында талай жыл басшылық қызметте еңбек еткен Зертай Мұсапирова:
– Сан қыранды самғатқан мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен үнемі хабарласып тұрамын. Білім алып жан-жаққа кетсек те бірлігіміз ажыраған емес. Үлкен қуаныш иелерін, қоғамның түрлі саласында абыройлы еңбек еткен құрдастарымды 50 жылдықтарымен құттықтаймын, – деп ізгі тілегін білдіріп, түлектерді оқытқан ұстаздарының есімдерін атап, естеліктерімен бөлісті.
Айдар ҚАЛИЕВ





