Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия қарулы күштерінің ұшағы апатқа ұшырағанына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Ақорда.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия қарулы күштері ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын айтып, президент Режеп Тайип Ердоған мен бауырлас түрік халқына қайғырып көңіл айтты», – делінген хабарламада.
Еске салайық, Түркияның C-130 әскери ұшағы Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады. Түркияның Қорғаныс министрлігі ұшақтың Әзербайжаннан қайтып келе жатқанын және апат фактісін растаған.
Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әуе апаты Әзербайжан шекарасынан бес шақырым жерде болған. Ал «Сакаэронавигация» компаниясы C-130 ұшағы Грузия аумағына кіргеннен кейін бірнеше минут өткен соң радардан жоғалып кеткенін хабарлады.





