Президент өңірлік су саясатын үйлестірудің маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында су қауіпсіздігі мәселесінің өңір үшін аса өзекті екенін айтты. Президенттің сөзінше, соңғы бес жыл ішінде елдер су саясатына қатысты көзқарастарын жаңғыртып, ортақ шешімдер іздеу бағытында айтарлықтай қадам жасады.
– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай құжат су ресурстарын тиімді пайдалану қағидаттарын бекітіп, ықтимал қайшылықтардың алдын алуға жол ашады.
– Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитпен қатар, Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында су қауіпсіздігі мәселесіне қайта оралып, ұсыныстарды терең талқылау жоспарланып отырғанын айтты.
Президент барлық қатысушы елдерді аталған маңызды іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.





