Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және Мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесуде Вашингтонда өтетін С5+1 саммиті қарсаңында қазақ-америкалық кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың С5+1 саммитіне арнайы шақырғаны үшін алғыс білдіріп, алдағы жоғары деңгейдегі кездесудің екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауда нәтижелі болатынына сенім білдірді. Президент Қазақстанның Америкамен сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің АҚШ президенті жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты қолдайтынын айтып, Дональд Трамптың бейбітшілікті нығайтуға және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістердегі Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын, аймақ елдері өзара бірлік пен тату көршіліктің үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті.
Серджио Гор Қазақстан Президентіне Дональд Трамптың сәлемін жеткізіп, АҚШ сыртқы саясатында Орталық Азия өңірінің стратегиялық маңызы жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтонда өтетін алдағы саммит екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Әңгіме барысында энергетика, маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді серіктестік мәселелері қаралды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарға назар аударылды.






