Биыл облыстың қала және аудан аумақтарын абаттандыру үшін 19 млрд. теңге бөлінді. Мұның ішінде қоғамдық инфрақұрылым объектілерін абаттандыруға 12,8 млрд., көше жарығын орнатуға 6,2 млрд. теңге қарастырылған. Осы қаражаттың 1,5 млрд. теңгесі облыстағы 77 көпқабатты үйдің шатырын жаңалауға жұмсалмақ.
Атап айтар болсақ, Ақсу ауданы 127,2 млн. теңгеге 15 үйдің, Қаратал ауданы 47,4 млн. теңгеге 5 үйдің, Көксу ауданы 135,1 млн. теңгеге 11 үйдің, Талдықорған қаласы 900 млн. теңгеге 39 үйдің, Текелі қаласы 327,8 млн. теңгеге 7 үйдің шатырын жаңалауға тиісті. Мұның ішінде бүгінгі таңда жұмысы аяқталып, қолданысқа берілгені, енді басталғаны және алдағы уақытта жүзеге асырылатындары бар.
Талдықорған қаласында 800-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың көпшілігі 1970 – 1980 жылдары салынған. Уақыт өте келе шатырлар мен қасбеттердің тозуына байланысты жөндеу қажеттілігі туындаған үйлердің қатары көп.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жыл сайын ескі үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өмір сапасын арттыруға және қаланың сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған.
– Тұрғын үйлердің шатырын ағымды жөндеу жұмысы 2023 жылдан басталды. Сол жылы қаладағы 1950-1970 жылдар аралығында салынған 13 үйдің шатыры, былтыр 1968-1992 жылдары салынған 28 үйдің шатыры жөнделсе, биыл 39 үйдің шатыры жаңаланбақ. Қазіргі таңда қалада 8 мердігер компания 17 үйдің шатырын жөндеу жұмысын жүргізуде, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулалары да кезең-кезеңімен абаттандырылып, ойын алаңдары мен демалыс орындары заманауи үлгіде қайта жасақталуда.
Биыл Талдықорған қаласында 39 көпқабатты үйдің шатыры мен 20 үйдің қасбеті жөндеуден өтеді. Сол қатарда Жансүгіров көшесі, №87-үйде жөндеу жұмысы қарқынды жүруде.
– Бұл үйдің жалпы аумағы 1140 шаршы метр. Жөндеу жұмысына 29 млн. 871 мың теңге қаржы бөлінген. Жұмыс басталғалы бірнеше күн болды. Қазір мұнда 6 адам жұмыс істеп жатыр. Бір-екі аптада жұмысты аяқтаймыз, – дейді мердігер «M&N строй» компаниясының бригадирі Айдос Байболов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы – тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, елді мекендердің тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Аталмыш бастама аясында тұрғын үйлердің шатыры жөнделіп, касбеті айшықтала түсті. Мұндай қуаныш алдағы уақытта да көп болмақ.
Қажет АНДАС





