Көлсай мен Қайыңды көлін бауырына басып жатқан Райымбек ауданында туристерді қызықтыратын көрікті жерлер көп. Кейінгі жылдары алтын мен көмір өндірісі елдің әл-ауқатын арттыруға зор септігін тигізе бастады. Деректерге қарағанда, Райымбек ауданында 9 миллион тонна көмір қоры бар. Бұл дегеніміз, сол өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып, аудан бюджетін толықтыруға сеп. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Жолан ОМАРОВ осыған дейін атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттердің орындалу жоспарын журналистерге айтып берді.
Биылғы он айда шекара шебіндегі өңір тұрғындары 20 млрд. 481 млн. теңгенің өнімін өндіріп, кіріс көлемін еселей түсті. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 363 ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1350 қой-ешкі, «Құлан» бағдарламасы бойынша 100 бас жылқы сатып алынып, жоспар артығымен орындалған. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда Райымбек ауданы алда келеді. Бұл жұмыс істеймін деген адамға жол ашатыны белгілі. Ауданда төрт түлікті түлетуге жағдай мол. Әсіресе, картоп өндірісін қолға алу керек.
– Биылдан бастап ауданда картоп өндіруді қолдауға барынша назар аудармақпыз. Бүгінде «Жетісу» ӘК» ҰК арқылы 850 млн. теңге қаржы бөлініп, Голландиядан сортты картоп тұқымын алуға келісім жасалды. Оны 200 гектарға егіп, 600 тонна өнім аламыз деп отырмыз. Осы арқылы тұқым шаруашылығын жандандырып, келесі жылы егіс көлемін 2 мың гектарға ұлғайтпақпыз. Картоп шаруашылығын жандандыру мақсатында сервистік қызмет көрсету орталығы да көптеп ашылады. Сонымен қатар, картоп өнімін саудаға шығарып, қаржы табуға да болады. Айталық, бүгінгі күнде қажеттілік Астана қаласында 68 мың, Алматыда 123 мың, Алматы облысында 438 мың тоннаға жетіп отыр. Демек, осы арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтудың қосалқы жолы қалыптасады, – дейді аудан әкімі.
Райымбек ауданында мал шаруашылығы ғана емес, шағын және орта бизнесте өркендей түскен. Әкімнің айтуынша, ауданда бес жарым мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Сонымен бірге,4 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, салық түсімдері артқан.
– Бір қуанарлығы, аудан кәсіпкерлері қазір өз қаржысымен аяқкиім фабрикасын ашып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкерлермен бірлесе отырып тері илейтін цех салуды қолға алмақпыз. Өйткені ауданымызда жарты миллионнан астам қой-ешкі, 100 мың басқа жуық ірі қара бар. Айта берсек, тек біздің ауданда өсірілетін биязы жүнді қойдың жүні басқа өңірге қарағанда сапасы жағынан алдыңғы орында тұрады. Осы байлықты қайта өңдеу тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек, – дейді Жолан Ыбырайақынұлы.
Ауданда білім, денсаулық, мәдениет, туризм, әлеуметтік саладағы жетістіктер де көңіл қуантарлық. Құрылыс саласындағы қарқынды істердің нәтижесінде аудан орталығы, ауылдар түрленіп келеді. Әсіресе, туризм саласына құйылған қаржы көбейген.
– Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Көлсай көліне дейінгі 8 шақырым жолды жөндеу жұмысы биыл аяқталады. Бұдан бөлек Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үстіндеміз. Сонымен қатар, Көлсай көлінің бас жоспары жасалып, 12 гектар жерге туристік нысандар салынбақ. Ол жерде 3, 4 жұлдызды қонақүйлер бой көтереді. Өткен жылы осы аталған жерлерге 40 мыңға жуық турист келіп, демалып қайтыпты. Енді осы жерлердің инфрақұрылымы жақсартылса, келіп-кетушілердің қатары арта түсетіні анық. Айта кетерлігі, ауданымыз экотуризмді дамытуға табылмайтын өңір, – дейді аудан басшысы.
Алдағы жұмыс жоспары ауқымды. Мәселен, болашақта өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеру үшін Саты ауылынан өңірлік музей, жергілікті өнімді саудалайтын сауда орталығы, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын этноауыл ашылмақ. Сондай-ақ, картоп өндірісін өркендетіп, туризмді дамыту жолдары басты назарда болмақ.
Қажет АНДАС.




