Салтанат сарайында өткен жиынды Жетісу университетінің Басқарма-төрағасы, ректор Ермек Бөрібаев жүргізіп отырды.
Конференцияда сөз алған ҚР Сот әкімшілігі Жетісу облыстық департаменті басшысының орынбасары Әбілсейіт Түлкиев:
– Биыл егемен еліміздің басты құқықтық құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл. Бұл – Қазақстан тарихындағы аса маңызды, тарихи тағылымды, мерейлі белес. Ата Заң – мемлекетіміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының стратегиялық бағытын айқындаған, халқымыздың бірлігі мен берекесінің, тәуелсіздігіміздің мызғымас кепілі. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған ҚР Конституциясы жас мемлекетіміздің дамуы үшін түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалады. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқын жазылған. Бұл қағида бүгінде еліміздің барлық даму бағытындағы басты бағдар болып қала береді. Ата Заң мемлекетті басқарудың демократиялық үлгісін орнықтырып, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуін бекітті. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі шарт, – деді.
Осыдан кейін Жетісу университетінің құрметті профессоры, құқық саласының ардагері, полиция полковнигі Болат Молдабеков: «Конституцияның ең басты бағытының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Мемлекеттік органдар, соның ішінде сот жүйесі өз қызметін дәл осы Конституция талаптарына сүйеніп жүзеге асырады», – дей келе құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелерін кеңінен тарқатты.
Конференция барысында құқық және экономика факультеті, құқықтық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері Салтанат Тинистанова, Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Алакөл, Ақсу аудандарының Құрметті азаматы Оралбек Жақиянов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының басшысы Ермек Келемсейіт кемел келешектің кепілі болған Ата Заңның маңыздылығына тоқталып, ойларын ортаға салды.
Конференцияны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов басқосудың мақсаты – негізгі Заңға жан-жақты тарихи, саяси-құқықтық талдау жасап, оның қоғам өміріндегі маңызын айқындау және конституциялық құрылысты одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты ғылыми қоғамдастықтың көзқарастары мен ой-пікірлерін ортаға салу екенін айтты.
– 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция мемлекеттік егемендіктің берік негізін қалап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, демократия мен заңның үстемдігі қағидаттарын бекітті. 2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды, – деп Ата Заңымыздың мазмұны да, сапасы да заман талабына сай, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтары және міндеттер толық қамтылғанын айтып, облыста әр салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Айдар ҚАЛИЕВ





