Аталған жоба елді мекендердегі дәстүрлі шаруашылықтар мен қолөнерді жандандыруға септігін тигізетін ерекше өнімдерді нарыққа шығарады. Яғни, бұл ауыл экономикасын өркендетіп, ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпалын тигізеді. Жобаның әлеуметтік маңызы да айрықша. Өйткені ол ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылып, әйелдерді кәсіпкерлікке тартуға, жастардың ауылда қалып, туған жердің гүлденуіне үлес қосуға жол ашады. Сонымен бірге, жергілікті өнімдер аймақтың брендіне айналып, туризмді дамытуға серпін береді.
Естеріңізде болса, бұған дейін «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі өткізілген болатын. Онда облыстың әр түкпірінен келген кәсіпкерлердің қолынан шыққан тауарлары көпшілік назарына ұсынылып, 10 үміткердің өнімдері іріктелді. Осыған байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеде үздік деп танылған кәсіпкерлердің арасында сарыөзектік Татьяна Юрчуктің табиғи сүттен жасалған эко-өнімдері, талдықорғандық Меруерт Нұржаханованың зергерлік бұйымдары, жансүгірлік Бибігүл Мырзабекованың кондитерлік өнімдері көрсетілді.
Сондай-ақ, сөрелерге Лепсінің балы, Сарқан тауларында өсетін емдік шөптерден жасалған шайлар, Талдықорған қаласындағы «Али-Ко» ЖК дайындаған шұжық түрлері, Үшаралдағы «Жәния» ЖК әзірлеген күміс бұйымдар, тағы басқаларының тауарлары қойылды. Осылайша көрме-жәрмеңкенің қорытындысы шығарылды. Финалдық кезең облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған бренд-комитет мүшелерінің алдында жобаларды қорғау форматында өтті.
Бренд-комитеттің басты талабы – өнімнің жергілікті болуы және сапалы бірегей өнімдерді өндіру. Шарада іріктелген әр қатысушы өзінің жеке өнімдерінің шығу тарихын баяндап, ерекшеліктерін танытуға тырысты. Финалистерді іріктеу кезінде комиссия жоба критерийлерінде белгіленген талаптарға ден қойды. Бренд-комитет отырысының қорытындысына сәйкес Ақсу ауданынан келген кондитерлік өнімдер мен табиғи ашытқысыз нан шығару ісімен айналысатын Бибігүл Мырзабекова, ара шаруашылығы бойынша бал өндірісімен шұғылданатын Көксу ауданының тұрғыны Наталья Кострицына, сүттен өнімдер әзірлеп, ірімшік жасайтын кербұлақтық Татьяна Юрчук биылғы жылдың жеңімпаздары атанды.
Бір сөзбен айтқанда, көрме-жәрмеңкедегі барлық жоба назар аударуға лайық. Өйткені, ол жерде әрбір қатысушының қажырлы еңбегі мен табандылығы, өз ісіне деген адалдығы жатыр. Соңында жиналғандар тарапынан жеңімпаздарға құттықтаулар айтылып, ел экономикасын көтеруге қосқан үлестеріне алғыстар мен халықаралық деңгейге шығу тілектері білдірілді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





