Облыс аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебiнен аса қауіпті 19 ауруға қарсы егу және зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған іс-шаралар эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және адамдар мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан сақтауға бағытталған.
Қазіргі таңда бруцеллез ауруына 401 942 бас ірі қара мен 395 071 бас ұсақ мал тексеріліп, нәтижесінде 499 бас ірі қара мен 178 ұсақ мал оң белгі көрсетті. Олар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай санитариялық союға жіберілді.
Облыс халқының арасында бруцеллез ауруымен 2020 жылы 85 адам, 2019 жылы 138 адам, 2018 жылы 139 адамның ауырғандығы тіркелген. Ауруға шалдыққан жануар иелерінің ауласындағы жануарлар бақылауға алынып, тиісті ветеринариялық іс-шаралар атқарылды.
Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету қатарына жатқандықтан қызметке ақы алынбайды. Тек қана жылқыларды чип салу арқылы бірдейлендіру кезінде чип құны мал иелерінің есебінен жүргізіледі.
Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту мақсатында жыл басынан 12222 қаңғыбас ит пен 389 мысық ауланып, 916 ит пен 67 мысық иелеріне қайтарылды. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтардың адамдарды тістеуінің 442 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 5994 жағдай, 2019 жылы 6886 жағдай, 2018 жылы 7107 жағдайды көрсеткен.
Қоғамдық орындарда жануар иелерінің уақытша байлап қалдырған ит, мысықтарынан басқа иесіз бос жүрген иттер мен мысықтар да аулауға жатады. Осыған орай облыс тұрғындарынан ветеринария талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Себебі, халық денсаулығы – мемлекетіміздің ең басты байлығы.
Жоғарыдағы мәселелерден туындаған сұрақтар бойынша басқарманың 8(7282) 32-90-75 телефоны арқылы хабарласуға болады.
«Алматы облысының ветеринария басқармасы»
мемлекеттік мекемесі





