Ауылшаруашылығы саласында бизнесті қолға алған іскер азаматтар 2012 жылы Қасымбек ауылының маңынан жер алып, құрылыс жүргізген болатын. Аз уақыттың ішінде мұнда заманауи құс фабрикасы пайда болды.
Содан бері «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдан-жылға өндірісін кеңейте түсті. Бүгінде отандық іргелі кәсіпорындардың біріне айналды. Жұмыртқа өндірісі жолға қойылған қысқа уақыттың ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл фабрика бұрынғы ТМД елдеріндегі ең үздік агроөндірістік жобалардың бірі болып табылады.
Кәсіпорын сала бойынша «2013 жылғы Қазақстан көшбасшысы» атанып, Францияның Ұлттық өндіріске қатысушылары ассоциациясының «SEIN» алтын медалін иеленді. Жаңа технология бойынша толықтай жабдықталып, құс бағымы мен өнім алу талаптарына сәйкес салынған корпустары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында дамып келе жатқан ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Құрылысы ғылыми негіздемеге сай, саладағы жаңа технологиялар барынша қамтыла отырып, құс шаруашылығының барлық талаптары бойынша мұқият жүргізілген. Бас директоры Дмитрий Чалых ауданға іскерлігімен танылған кәсіпкер.
Жобаға 2012 жылдан бері 5 миллиард теңге жұмсалған. Қаржы көзі – «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау қоры. Өндірістік қуаттылығы –жылына 90 миллион дана жұмыртқа өндіру. Жұмыртқа табатын мекиен ұстайтын ірі корпустардың саны жылдан-жылға көбейіп, өндіріс көлемі ұлғайды. Соған сай жұмысшылар қатары да арта түсті. Бүгінде мұнда 80 адам жұмыс істейді.
Жұмысшылардың дені жергілікті, жақын маңдағы Қасымбек, Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдарының тұрғындары. Орташа еңбекақылары бүгінде 231 мың теңге. Өндіріс үдерісінде құстарды азықтандыру, жұмыртқаны реттеп қорапқа салуға дейін толықтай автоматтандырылған. Кәсіпорында өткен 2020 жылы 110 миллион 817 мың дана жұмыртқа өндірілсе, биылғы жылдың 10 айында 78 миллион 638 мың дана жұмыртқа саудаға шығарылды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





