Талдықорған төрінде «Мемлекеттік тіл және БАҚ» өңірлік байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл байқау ережесіне сәйкес аудан, қалалардан қабылданған өтінімдер мен тапсырылған материалдар қазылар алқасының талқысына ұсынылды.
Іс-шараны ашқан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдос Есжанов жыл сайынғы конкурстың өткізілуі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контентті ұлғайту жөніндегі саясатты ілгерілетуге ықпал ететінін айтты.
Аталған байқауға облыстық БАҚ құралдарына жетекшілік ететін кәсіби мамандар қазылық етті. Қазылар алқасының мүшесі І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті журналистика және ақпарат білім беру бағдарламасының жетекшісі Бибігүл Каримова байқауға ұсынылған мақалаларға сын-ескертпе айтты. Ол байқауға ақпараттық емес зерттеу мақалаларды ұсыну керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, байқауға қатысқан тілшілердің материалдары шынайы сараланып, әділ бағаланғанын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша «Жетісу» телеарадиокомпаниясының аға режиссеры Зухра Жақыпбаева, «Жетісу» газетінің тілшілері Гүлжан Тұрсын, Асыл Сұлтанғазыға ынталандыру сыйлығы берілді. Ал «Үздік мақала» аталымы бойынша «Жетісу университеті» газетінің бас редакторы Әйгерім Иебекова және «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысы бойынша меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек ІІІ орын иеленді. Ақын, ардагер журналист, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақов ІІ орынға лайық деп танылды. «Үздік теле және радиобағдарлама» арнайы номинациясы бойынша «Жетісу» радиосының редакторы Темірлан Айтбаев ІІ, «Үздік мақала» аталымы бойынша «Жетісу» газетінің тілшісі Еңлік Кенебай және «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы Алмат Есенбек І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Жетісу» телерадиокомпаниясының продюсері Гүлжан Қызайбаева бас жүлдеге ие болды.
«Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты облыстық байқауға қатысушылар да марапатталып, жеңімпаздың барлығына дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар жасалды.
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ